«Қауіпсіз қала»: Астанада суға шомылу ережелері түсіндірілді

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада суға шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын түсіндіруге бағытталған «Қауіпсіз қала» акциясы басталды. 

«Қауіпсіз қала»: Астанада суға шомылу ережелері түсіндірілді
Фото: Тастан Тоянов

Аталған акцияны «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты, Төтенше жағдайлар департаменті және Сарыарқа ауданы әкімдігінің аппаратымен бірлесіп ұйымдастырып жатыр.

Іс-шараның мақсаты — шомылу маусымы кезеңінде елорда тұрғындары мен жастар арасында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау, тыйым салынған орындарда шомылудың алдын алу және қайғылы жағдайларды болдырмау.

«Қауіпсіз қала»: Астанада суға шомылу ережелері түсіндірілді
Фото: Тастан Тоянов

«Қауіпсіз қала» акциясы 9-12 маусым аралығында Астанадағы рұқсат етілген және тыйым салынған су айдындарының маңында өтеді.

— Бұл акцияны өткізу туралы шешім шомылу маусымының басталуына байланысты қабылданды. Қауіпсіздік шараларын кеңінен түсіндіру үшін блогерлер, белсенді жастар мен қоғам белсенділері тартылып отыр. Тұрғындар қай жерде шомылуға болатынын және қай жерде тыйым салынғанын нақты білуі тиіс, — деді «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының Астана қалалық филиалының төрағасы Арсланбек Магзум. 

«Қауіпсіз қала»: Астанада суға шомылу ережелері түсіндірілді
Фото: Тастан Тоянов

Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта коммуналдық жағажайда суға түсуге рұқсат берілген. Дегенмен жағажай толық жабдықталмаған, бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

— Жасөспірімдерді қараусыз қалдырмау — басты талап. Өкінішке қарай, көп жағдайда балалардың суға бату фактілері осындай салғырттықтың салдарынан болады. Сонымен қатар, мас күйінде суға түсуге қатаң тыйым салынады. Қалалық рейдтер күнделікті жүргізілуде. 1 маусымнан бері 11 адамға әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде жасөспірімдер де бар. Егер жасөспірім құқық бұзса, ата-анасына айыппұл салынады, — деді ТЖД өкілі Мади Қадыржанұлы.

3 маусым күні тыйым салынған жерде суға шомылу кезінде 15 жастағы жасөспірімнің қаза тапқаны тіркелді. Сонымен қатар, екі жасөспірім мен бір ересек адам құтқарылған.

«Қауіпсіз қала»: Астанада суға шомылу ережелері түсіндірілді
Фото: Тастан Тоянов

Рейдтік іс-шара барысында кейбір тұрғындар тарапынан агрессиялық мінез-құлық байқалған. Сондай-ақ мас күйінде шомылу деректері жиі тіркеліп жатыр. Мұндай жағдайларда құқықтық шаралар қолданылады.

Бүгінде қала аумағында шомылуға арналған 5 ресми орын белгіленген: Орталық жағажай, «Три пескаря» (Көктал-1), «Армина», «Столичный двор» және Ш. Бейсекова көшесінде көпір маңындағы коммуналдық жағажай.

Мәслихат шешімімен суға түсуге тыйым салынған учаскелер де нақты белгіленген. Алайда кейбір жағажайлар әлі толық жабдықталмаған.

— Атап айтқанда, Сарыарқа ауданы аумағындағы жағажайдың инфрақұрылымы әлі толық аяқталған жоқ. Құрылыс басқармасының жобаларына байланысты жұмыстар жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта жағажайды абаттандыру үшін инвестор іздестірілуде. Болашақта бұл нысанға кіру ақылы болуы мүмкін. Қазір жағажайға кіру бақылаусыз жүріп жатыр. Сондықтан тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жалғастырамыз, — деді Сарыарқа ауданы әкімдігінің өкілі Дамир Исматулин.

«Қауіпсіз қала»: Астанада суға шомылу ережелері түсіндірілді
Фото: Тастан Тоянов

«Қауіпсіз қала» акциясы — жазғы маусымда су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау, қоғамдық тәртіп пен заң аясында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған кең ауқымды шара. 

Айта кетейік, бұл бастама республика көлемінде жүзеге асырылып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар