Қауіпсіз жол: БҚО-да 4 700-ден астам құқық бұзушылық анықталды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы жол ережесін бұзушылықтың азаймай отырғанын көрсетті.

«Қауіпсіз жол»: Қызылордада екі аптада 5 мыңға жуық құқық бұзу дерегі анықталды
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, өңірде 15-26 қыркүйек аралығында 4 730 құқық бұзушылық тіркелді. 

Соның ішінде 40 адам көлікті мас күйінде айдағаны үшін жүргізуші құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынды. 

Сондай-ақ 125 жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 612-бабы 2-бөлігі, тағы 33-і 612-бабы 3-бөлігіне сәйкес жауапқа тартылды. 

Жол қозғалысы ережесін бұзған 917 жаяу жүргінші де 615-бапқа сәйкес жазасыз қалмады. 51 жүргізуші жолаушыларды заңсыз тасымалдаған. Барлығы 362 автокөлік айып тұрағына қойылды. 

- Ең өкініштісі, жол ережесін бұзушылықтың соңы адам өліміне соқтырып жатады. 23 қыркүйек күні сағат 11.45 шамасында Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі М.Мәметова көшесімен келе жатып, Ә.Кердері көшесіне бұрылар тұста жол ережесін бұзған. Атап айтқанда, Toyota Mark X көлігінің өтуіне мүмкіндік бермеген. Соның салдарынан Chevrolet Cobalt автокөлігінде отырған екі жолаушы әйел облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Оның бірі, 1993 жылғы әйел ауруханада көз жұмды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - деп хабарлады ведомстводан. 

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 1984 жылғы әйел ес-түссіз күйде. Жағдайы өте ауыр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апаттары салдарынан 50-ден астам адам көз жұмғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар