Қауіпсіздік кеңесі ХАМАС-тың келісімді қабыл алуын талап ету керек - АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Джо Байден ұсынған Газа секторында тұтқындарды босату және атысты тоқтату туралы ұсынысты қолдайтынын білдіретін жаңа қарар жобасын ұсынды, деп хабарлайды euronews.

 АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Газада адамдарға оқ жаудыруын айыптаған мәлімдемесіне тосқауыл қойды
Фото: unrcca.unmissions.org

«Көптеген көшбасшылар мен үкіметтер, соның ішінде Таяу Шығыс аймағындағы елдер бұл жоспарды мақұлдады және біз Қауіпсіздік Кеңесін осы келісімді кешіктірмей және қосымша шарттарсыз жүзеге асыру үшін қосылуға шақырамыз. Қауіпсіздік кеңесі ХАМАС-тың келісімді қабылдауын талап етуі керек», - деді АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Линда Томас-Гринфилд.

Дүйсенбі күні Мысыр Сыртқы істер министрлігі ХАМАС бұл ұсынысты «оң қарастырып жатқанын» мәлімдеді. Сонымен бірге Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху соғысты тоқтату туралы келісімнің Байден нұсқасында «олқылықтар» бар екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, АҚШ президенті Джо Байден өз сөзінде кейбір маңызды мәліметтерді, соның ішінде Израильдің соғыстың екінші кезеңде аяқталатынымен келіспейтінін айтпаған.

Бұған дейін Нетаньяху кабинетіндегі екі оңшыл министр - Итамар Бен Гвир мен Бецалель Смотрич Байден ұсынған шарттар бойынша келісім жасалса, үкіметтік коалициядан шығамыз деп қорқытқан. Олардың партиялары Кнессеттегі 14 орынды бақылайды және олардың қолдауынсыз Нетаньяху көпшілік дауысқа ие болмайды.

Өз кезегінде оппозиция жетекшісі Яир Лапид Нетаньяхуды кепілге алынғандар туралы келісім бойынша қолдау көрсетуге уәде берді.

Келісім қабылданбаса Израиль одан сайын оқшауланып, Нетаньяху болса премьерлік орнын қорғау үшін кепілге алынғандарды құтқарудан бас тартқан адам ретінде одан да қатал сынға ұшырауы мүмкін.

Ықтимал келісімді талқылау Израильдің Рафахта жалғасып жатқан операциясы аясында өтіп жатыр. Соғыс салдарынан оңтүстіктегі осы қаланы паналаған босқындардың көпшілігі Газаның басқа бөліктеріндегі қауіпсіз аймақтарды іздеп, қазірдің өзінде оны тастап кеткен.

Соңғы жаңалықтар