Қай елдің туристері Қазақстанда ұзақ саяхаттайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақш, Германия, Оңтүстік Корея және Үндістан туристері Қазақстанда орта есеппен 4 күн өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Қай елдің туристері Қазақстанда ұзақ саяхаттайды

eQonaq ақпараттық жүйесінің дерегі бойынша туристік мақсатпен келген АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея және Үндістан азаматтары Қазақстанда орта есеппен 4 күн өткізеді.

Елімізде аялдау мерзімі бойынша Өзбекстан азаматтары көш бастап тұр. Көрші елдің туристері Қазақстанда 10 күнге дейін тоқтайды.

Ал, Ресейлік туристер 6 күн, Беларусь азаматтары 5 күн, Германия туристері 4 күн болса, Қытай азаматтары елімізде 3,5 күн өткізеді.

«eQonaq жүйесі – елімізге келген туристер ағынын бақылау және талдау, орналастыру орындарының тізілімін құру және т.б. бірнеше маңызды функцияны орындайды. Басты мақсат – туристерге көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен сапасын арттыру. Жүйеге 3 214 орналасу қызметін ұсынатын кәсіпкерлік нысаны тіркелген», - дейді Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.