«Қай елмен аралассақ та, ұлттық мүддені алға қоюымыз қажет» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 18 қаңтар, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қай елмен аралассақ та, ұлттық мүддені алға қоюымыз қажет» - БАҚ-қа шолу

***

Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруіміз керектігін қадай айтқан болатын. Осы жайтқа орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев өз ойымен бөліскен. Бұл ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деп атап көрсетуі шетел қазақтары үшін айрықша маңызды болып отыр. Дәлірек айтқанда, шетел қазақтары үшін бұл көптен күткен қуанышты жаңалық еді. Шетелдік ағайындар Қазақстанның латын жазуына көшуіне ерекше ынталы, бұл жөнінде қолға алынатын іс-шараларға әрқашан да өз үлестерін қосуға дайын. Сондықтан да Стратегияның латын жазуына көшу жөніндегі жұмыстары қолға алынғанда оған шетел қазақтарын да қатыстыру ұмыт қалмағаны дұрыс. Бүгінгі таңда латын жазуы жер жүзін­дегі барлық қазақтың басын қосатын, оларды бір-біріне жа­қындастырып, ана тілін, әдет-ғұр­пын, салт-дәстүрін сақтап, біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендей беруіне мүмкіндік беретін ең негізгі жазу болып отыр», деп жазады мақала авторы «Бар қазақтың басын қосатын жазу» деген тақырыптағы мақаласында.

***

Қазақстан Көшбасшысы ел Үкіметінің құрамын өзгертті. Еліміздің жаңа тарихында тұңғыш рет Өңірлік даму министрлігі пайда болды. Түңлігін жаңадан түрген органның тізгінін Елбасы бұған дейін билеуші партияға жетекшілік етіп келген Бақытжан Сағынтаевқа сеніп тапсырды. Бақытжан Әбдірұлы сонымен бірге Үкімет басшысының бірінші орынбасары қызметін қоса атқарады. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Өңірлік даму министрлігі өзгеше жұмыс істей ала ма?» деген тақырыппен жарық көрді. «Осылайша Өңірлік даму министрлігінің мәртебесі арттырылып отыр. Бұл министрліктің «дүниеге келуі» кездейсоқ емес. Президент Н.Назарбаев Үдемелі индустрияландыру саясатын жүзеге асырудың екпін-салмағы енді орталықтан өңірлерге көшірілетіндігін белгілегені мәлім. Бұған қоса, жақында жарияланған ХХІ ғасырдың ортасына дейінгі Қазақстанның жаңа даму стратегиясында өңірлік дамуға үлкен орын берілген. Биыл сондай-ақ ауыл әкімдерін сайлау басталады», - деп жазады басылым.

Осы басылымда саясаттанушы Сайын Борбасовпен арадағы сұхбат «Қай елмен аралассақ та, ұлттық мүддені алға қоюымыз қажет» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Терроризм - әлемдік құбылыс. Кезін­де бұл шетін мәселе елімізде болмайды, оған жол жоқ деп ойладық. Бірақ сарапшы­лар керісінше айтты. Терроризм ол міндетті түрде елімізге келеді, террорлық актілер болады, сондықтан халықты онымен күресу үшін даярлау керек деп ескертті. Өкіншіке қарай, оған ешкім назар аудармады, мән бермеді. Ең басты қателігіміз дінге бай­ланысты болды. Тәуелсіздік алған соң біз мұсылман дініне, яғни исламға құшағы­мызды айқара аштық. Оның ішінде түрлі теріс ағымдар бар екенін бағамдай алмадық. Бәлкім, тәжірибе де жетпеген болар», - дейді.

***

«Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесу өткізді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін ұйым­дас­тыру және өткізу, сондай-ақ Халықаралық көрмелер бю­ро­сының талаптарына сәйкес әзірленген тиісті іс-шараларды тексеру мәселелері талқыланды. «Сіз бұған дейін бірқатар мемлекеттік органдардың басшы­ларымен, атап айтқанда, көрмені өткізу мәселелеріне жауапты Вице-премьермен, Премьер-Ми­нистрмен, қала әкімімен кез­дес­тіңіз. Сізге бұл жоба бойынша атқарылған жұмыс туралы жан-жақты айтып берген болар. Мен сіздің бізді алғашқы күн­нен қолдағаныңызды білемін, бұ­ған өте ризамын. Енді біздің алдымызда үлкен істер тұр. Осы­ған байланысты бізге сіздің қол­дауыңыз бен Халықаралық бю­ро­ның көмегі қажет. Біз биыл барлық ұйымдастыру мәселесін аяқ­тауға тиіспіз», - деген Н.Назарбаев кездесу барысында.