Қай мемлекет Қазақстан арқылы газ экспорттап отыр
Елімізде жұмыс істеп тұрған экспорттық газ құбыры бар. Ол — Қазақстан-Қытай газ құбыры. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Алматыда өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Министрдің сөзінше, бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысында оқшауланған газ кен орны жұмыс істеп тұр. Зайсан ауданындағы бұрын ҚХР-ға газ экспорттаған Сарыбұлақ газ кен орны бүгінгі күні облыс халқын ғана газбен қамтиды.
«Бұл газ кен орны әзірге Қазақстанның бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне қосылмаған. Бұған дейін оның иелері газды ҚХР-ға экспорттаған болатын. Кейін осында өндірілетін көгілдір отынның көлемі азайған кезде ҚХР-ға газ экспортына толық тыйым салу жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ тиісті техникалық шаралар жасалды. Бүгінгі күні аталған газ кен орнындағы бүкіл газ ШҚО тұтынушыларына жеткізіліп отыр», — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Министр осы газ кен орнының инфрақұрылымның техникалық жағдайында проблемалар бар екенін атап өтті.
Осыған орай министрліктің комиссиясы бірнеше рет шығып, газ құбырын пайдаланатын компанияға ескерту жасаған және аталған мәселе қазір бақылауда.
«Бізде жұмыс істеп тұрған экспорттық газ құбыры бар. Ол — Қазақстан-Қытай газ құбыры. Сонымен бірге Қазақстан аумағы арқылы ҚХР-ға түрікмен газы жеткізіледі. Бұрын өзбек газының транзиті болған еді. Бүгінгі күні біздің экспорт құбырларымыз арқылы осындай тасымал жүзеге асып жатыр», — деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.