Қай музейлер ұлттық мәртебе алады

Алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілетіндігін айтқан болатын. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрлігінен қай музейлер ұлттық мәртебе алатындығын сұрап білдік.

Біріншісі – Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музей.

Орталық музей коллекциясы XIX ғасырдың 30-жылдары Орынбордағы Неплюев әскери училищесінде құрылған «Орынбор өлкесіндегі Музеум» негізінде қалыптасып, Жетісу облысы (1929 ж.) мен республикалық атеизм музейінің (1941 ж.) коллекцияларымен толықтырылған. 1921 жылы Қазақ автономиялық республикасының қаулысымен Орталық Қазақ өлкетану музейі болып қайта кұрылған. Орталық музейдің толыққанды қалыптасуы музейді Қазақ Автономиялық республикасының жаңа астанасы – Алматыға көшіруімен тікелей байланысты. Ал 1944 жылы музей қоры тарихи мұралармен толығуына байланысты және музейлер арасындағы алғашқы мұражайлардың бірі ретінде «Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейі» атауына ие болды. 

Екіншісі - Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі – Орталық Азиядағы ең жас музейлердің бірі. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында құрылған музей қалың жұртшылық үшін 2014 жылғы 2 шілдеде ашылды. Музей жинағының негізін аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде табылған жәдігерлер құрайды.

Үшіншісі - Ә.Қастеев атындағы өнер музейі.

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейі іргесі қаланған сәттен бастап, республикамыздың мәдени стратегиясының ажырамас бөлігіне, көркемдік мұраны зерттеп, насихаттайтын маңызы зор орталыққа айналды.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum