Қай өңірдің тұрғындары мемлекеттік қызметке көбірек қол жеткізетіні белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Үкімет - азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы арқылы мемлекеттік қызметтерді тұтыну бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Қай өңірдің тұрғындары мемлекеттік қызметке көбірек қол жеткізетіні белгілі болды

Мемлекеттік корпорациясының қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Мұрат Жұманбайдың берген мәліметінше, оңтүстікқазақстандықтарға 10 айда 4 893 258 мемлекеттік қызмет көрсетілген, бұл бүкіл республика бойынша қызметтердің (34 295360) 8,5%-ы.

Екінші орында 3 682 765 қызмет көрсетілген Алматы қаласы келеді. Үздік бестіктің қатарын Алматы облысы (3 487 489), Астана қаласы (2 949 603) және Қарағанды (2 628 148) облысы түгендеп тұр.

Рейтингінің соңына қарай Батыс (1 230 863) және Солтүстік Қазақстан облыстары (1 219 849) орналасқан, ал тізімді қорытындылап тұрған Атырау облысында тұрғындарға көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 1 046 245-ті құрап отыр.

Ал мемлекеттік қызметтерді тұтынудың жан басына шаққандағы көрсеткіші бойынша Астана тұрғындары алда келеді. Елордалықтардың әрбіріне он айда орта есеппен 2,9 қызмет көрсетілген.

Бұл рейтинг бойынша, жоғары орындарда Солтүстік Қазақстан (жан басына 2,18 қызмет), Маңғыстау (2,07) облыстары және Алматы қаласы тұр. Оңтүстік астананың әрбір тұрғынына орташа 2,06 мемқызмет көрсетілген. Азаматтардың белсенділігін білдіретін бұл рейтингтің бестігін 2,02 көрсеткішімен Ақмола облысы қорытындылайды.