Қайда тарттың, тазқара - Қазақстаннан ұшқан құс Қырғызстанға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда спутниктік бақылауға алынған Емел есімді жас тазқара Қырғызстан аумағына жетті. Ғалымдар құстың сапары Үндістанға дейін жалғасуы мүмкін екенін болжап отыр.

в
Фото: t.me/qazfwc

«Емелдің күнделігі» жобасы аясында жас тазқараның қозғалысы спутниктік мониторинг арқылы бақыланып келеді.

Мамандардың мәліметінше, қанаты қатайған сайын Емел жаңа аумақтарды игеріп, бұрын болмаған жерлерге ұшып барады. Қазір оның Қазақстаннан Қырғызстанға жеткені тіркелді.

а
Фото: t.me/qazfwc

– Ғалымдардың болжамынша, жас тазқара Орталық Азия арқылы оңтүстікке қарай сапарын жалғастырып, тіпті Үндістанға дейін жетуі мүмкін, – делінген жоба туралы ақпаратта.

Спутниктік бақылау құстың нақты қозғалыс бағытын анықтауға, қоныс аудару ерекшеліктерін зерттеуге және оның жаңа аумақтарға бейімделуін бақылауға мүмкіндік береді.

Мамандар Емелдің алдағы қозғалысын қадағалауды жалғастырады.

Айта кетейік, бұған дейін Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде қар барысының тіршілігі спутниктік құрылғы арқылы зерттеліп жатқаны хабарланған еді. Мамандар спутниктік телеметрия көмегімен жыртқыштың қозғалысы мен табиғи ортадағы мінез-құлқын бақылап отыр.