«Қайрақ» өткізу пунктінде жүк көліктерінің кезегі пайда болды
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысындағы «Қайрақ» автомобиль өткізу пунктінде жүк көліктері жиналып қалды. Бұған өткізу пунктіндегі жөндеу және реконструкция жұмыстары, сондай-ақ маусымдық жүк тасымалының артуы себеп болған.
Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, өткізу пунктінен шығатын аумақта жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалыс жолақтарының бірі уақытша жабылған. Соның салдарынан өткізу мүмкіндігі төмендеп, жүк көліктерінің күту уақыты ұзарған.
Бұған қоса, маусымдық тасымал көлемінің артуы да қосымша жүктеме туғызып отыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және жеміс-көкөніс өнімдерінің, сондай-ақ көршілес елдерге бағытталған жүктердің көлемі көбейген.
– Өткізу пункті штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Департамент қызметкерлері жағдайды бақылап, көлік құралдарын рәсімдеу мен өткізу жұмыстарының іркіліссіз жүруі үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр, – деп хабарлады ведомстводан.
Тасымалдаушылардан бағыттарын жоспарлау кезінде қалыптасқан жағдайды ескеріп, мүмкіндік болса, басқа автомобиль өткізу пункттерін таңдау сұралды.
Айта кетейік, Қазақстанда 2025 жылы ЕАЭО сыртқы шекарасындағы 9 өткізу пункті жаңғыртылды.