Қайрат Боранбаевқа электронды білезік тағу туралы шешім қабылданған жоқ – агенттік

қайрат боранбаев
Фото: kairat4/Instagram

АСТАНА. KAZINFORM – Қайрат Боранбаев бюджет қаражатын жымқыру, салық төлеуден жалтару күдігіне ілікті. Бұл туралы аталған Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты.

Бүгін Парламент Мәжілісінде болған баспасөз мәслихатында тілшілер «Істі болған Қайрат Боранбаевқа қатысты жаңа қылмыстық істі қозғау қарастырылда ма?» деп сұрады.

«Бұған дейін сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оған бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын, кейін келтірілген залалды толығымен өтегендіктен, бас бостандығын шектеуге ауыстырылғанын білесіздер», - деді Ж. Елемесов.

Жеңіс Елемесов
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Оған қатысты басқа шаралар қарастырылмаған, яғни электронды білезік тағу сияқты шешім қабылданбаған.

«Электронды білезік тағып жүрген жоқ. Оның бас бостандығын шектеу бар. Бұлтартпау шарасын таңдаудың қажеті жоқ, өйткені ол сотталған іс аясында қазірдің өзінде шектеу бар», - деді Жеңіс Елемесов.

Сонымен қатар тілшілер жаңа істер қай жағдайға қатысты жалғасып жатқанын сұрады.

«Ол бюджет қаражатын жымқыру, салық төлеуден жалтару күдігіне ілікті», - деді агенттік төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, «Қайрат» футбол клубы бойынша Боранбаевқа қатысты тергеу амалдары қарастырылмаған.

Биыл наурыз айында Қайрат Боранбаев бюджетке тағы 120 млрд теңге аударғаны хабарланған еді. Сондай-ақ оның салық төлеуден жалтару, қаражат жымқыру әрекеттері тексеріліп жатқаны мәлім болды. 

Еске сала кетейік, бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырылған Қайрат Боранбаев 2023 жылғы 6 қарашада бас бостандығынан айыру орындарынан босатылып, тұрғылықты жері бойынша жазасын өтеу орнына жіберілді.

Атап айтқанда, 2023 жылдың қазан айында оның жазасы жеңілдетілген еді.

 

Соңғы жаңалықтар