Қайрат Боранбаевтың бұрынғы мұнай компаниясы жекенің қолына өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бұрын Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған, қазір мемлекет балансындағы, дәлірек айтсақ, «Самұрық-Қазына» қорының басқаруындағы Phystech II компаниясын қайтадан жекенің қолына беру көзделіп отыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Қайрат Боранбаевтың бұрынғы мұнай компаниясы жекешелендіріледі
Фото: Александр Павский / Kazinform

Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды. Құжатпен осы жерден таныса аласыз.

— Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың басым тәртіппен бәсекелес ортаға беру ұсынылатын ірі еншілес, тәуелді ұйымдарының тізбесінде: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 9-1.7-1-жолмен толықтырылсын, — делінген қаулыда.

Еске сала кетейік, Қайрат Боранбаевтың мұнай компаниясы 2023 жылдың қазан айында 35 миллиард теңгеге мемлекет меншігіне өткенін жазған болатынбыз. Қазір компания «Самұрық-Қазына» қорының басқаруында, бірақ құжат бойынша ол қайтадан жеке меншікке өтеді.

Жекешелендіру екі кезеңді ашық конкурс, электронды тендер немесе тікелей мақсатты сату арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардың ІРО-дағы ахуалы қалай екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар