«Қайрат» бұл маусымда жақсы ойын-өрнегімен көзге түсуге барлық күш-жігерін жұмсайды - Нұрсайын Жолдасов
АЛМАТЫ. 8 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алдында айқын мақсаты бар адам ешқашан бір орнында тұрмайды.
«Қайрат» футбол клубының №14 қорғаушысы Нұрсайын Жолдасов кеше Алматыда өткен команданы таныстыру рәсімінде осындай пікір білдірді.
«Былтыр негізгі құрамда 10 ойын өткіздім. Былтырғы «Қайратта» есімі елімізге әйгілі футболшылар санаулы еді. Биыл шет елден бірқатар ойыншылар тартып отырмыз. Жақсы өнер көрсетуге тырысамыз. Легионердің бәрі ойын-өрнегі жоғары ойыншылар. Біз де өз тарапымыздан солардың деңгейіне жетуге тырысамыз. Құдай қаласа олар бізге маусымды жақсы өткізуге көмек көрсетеді деп ойлаймын», - дейді Н.Жолдасов. Бұған дейін Шымкенттің «Ордабасы» командасында 3 жыл өнер көрсеткен ол бұл команда биыл Суперкубокты иеленген кезде жерлестерін жеңістерімен құттықтап, жақсы тілектерімен бөліскен көрінеді. «Ордабасыдан» кеткеніне еш өкінбейтінін, онда жүріп жастар құрамасында бақ сынауға мүмкіндік алғанын айтқан 20 жасар ойыншы енді «Қайратта» өзіндік ойын-өрнегін көрсетуге барлық күш жігерін жұмсамақ.
«Үлгі алатын ойыншылардан команда капитаны Руслан Балтиевті ерекше атап айтқым келеді. Егер «Қайрат» үлкен отбасы болса Балтиевты оның үлкен баласы деп санауға болады. Әрдайым көрген, білгенімен бөлісіп, үйретіп отырады. «Жұлдыз» ауруы бойында мүлде жоқ. Менің ендігі арманым - ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, әлемге елімізді таныту», - дейді Нұрсайын Жолдасов.