«Қайрат» футбол клубы Қазақстанның ХХ ғасырдағы үздік футболшысын 62 жасқа толуымен құттықтады

АЛМАТЫ. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматының «Қайрат» футтбол клубының 70-80 жылдардағы әйгілі ойыншысы Сейілда Икрамұлы Байшақов 62 жасқа толды. Осыған орай «Қайрат» футбол клубы даңқты футболшыны туған күнімен құттықтады.

«Қайрат» футбол клубы  Қазақстанның ХХ ғасырдағы үздік футболшысын  62 жасқа толуымен құттықтады

1950 жылы қазіргі Тараз қаласында өмірге келген Сейілда  Икрамұлы    футболдағы алғашқы мансабын 1968 жылы жергілікті «Энергетик» командасынан бастайды. 1974 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы Алматының «Қайрат» футбол клубының капитаны болған ол КСРО чемпионатында 225 матч өткізіп, 7 гол соққан. КСРО құрамасының құрамында 2 матч өткізіп, Әлем чемпионатының іріктеу ойындарына қатысты (1977). Сондай-ақ футболдан ардагерлер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

1989 жылдан Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебінің бас жаттықтырушысы, 1990 жылдан «Ақ қанат» футбол клубының,  ал 1998 жылдан ДТИСК жаттықтырушысы болды. Одан кейін әр жылдары  ҚР Шағын футбол федерациясының президенті, ҚР Футбол одағының вице-президенті болып жұмыс жасады.  Ерен еңбегі үшін  КСРО спорт шебері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанып,   Қазақстанның XX ғасырдағы үздік футболшысы деп танылған.