«Қайрат» футбол клубы жанкүйерлерін алдап соқты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қайрат» футбол клубы 1 сәуірде Алматыға танымал итальяндық бапкер Лучано Спалетти команда басшылығымен келісімшартқа қол қою үшін келе жатыр деген ақпарат жариялады.

«Қайрат» футбол клубы жанкүйерлерін алдап соқты

«Әйгілі бапкермен келісімшарт 0,5 + 2 жыл жүйесі бойынша жасалады. Таңертең «Қайрат» ФК Спалеттиге барлық инфрақұрылымдарды көрсетіп шығады. Түстен кейін ол клуб қызметкерімен бірге Алматы сыртында орналасқан тұрғылықты жерін көріп шығады. Әзірге бонус сомасы жайында келісім жоқ, дегенмен тараптар ымыраға келуге дайын. Айта кетейік, Лучано Спалетти өзінің бапкерлік штабымен бірге келеді. Итальяндық маманның алдына «Қайрат» клубын УЕФА Еуропа Лигасының 1/4 финалына шығару міндеті қойылып отыр», - деп жазылған «Қайрат» футбол клубының ресми сайтында.

Әзілмен жіберілген «қауесетті» қазақстандық жанкүйерлер әлеуметтік желілерде қызу талқылап жатыр. Сонымен қатар бірқатар ресейлік басылымдар, клуб басшылығының бұл қалжыңын жоғары бағалап, өздерінің жаңалықтар таспасына да жариялап жіберген. Лучано Спалетти жақында ғана Ресейдің «Зенит» клубынан кеткен болатын. 2009 жылы ол Санкт-Петербург қаласының белді командасын жаттықтыру үшін итальяндық «Рома» клубынан ауысқаны есімізде.