«Қайрат» футбол клубына ел біріншілігінің күміс медальдар табыс етілді (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда футболдан XXIV Қазақстан Премьер-Лигасында екінші орын алған «Қайрат» командасының ойыншылары мен жаттықтырушылар құрамына салтанатты жағдайда күміс медальдар табыс етілді.
«Биылғы маусымда «Қайрат» командасы - ойындарын жанкүйерлер ең көп тамашалаған клубқа айналды. Биылғы біріншілікте «Қайраттың» ойынын көруге барлығы - 140 мың жанкүйер келді. Сондай-ақ, біздің клуб өз тарихында футболдан УЕФА-ның Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне өтті. Мұның барлығы отандық футболдың дамуына септігін тигізеді. Спорттың бұл түрі елімізде әлеуметтік маңызға ие. Өйткені, ол жастарды отансүйгіштікке, бірлікке тәрбиелейді, бойларында патриоттық рух қалыптастырады. Мойынға тағылған медальдардың түсі жыл өткен сайын көмескіленуі мүмкін, алайда жанкүйерлердің құрметі мен сүйіспеншілігі ешқашан да ұмытылмайды», - деді «Қайрат» футбол клубы Бақылау Кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев.
Сонымен қатар, бүгін «Қайрат» футбол клубының басшылығын, ойыншылары мен жаттықтырушылар құрамын құттықтауға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек келді.
«Алматылық клуб балалар спортының дамуына көп көңіл бөліп келеді. 2014 жылы клубтың Жасөспірімдер академиясы құрылды. Бүгінгі салтанатты шара сол базада өтіп жатыр. Академияның тәрбиеленушілері күні бүгінге дейін бірқатар халықаралық турнирлерге қатысып үлгерді. Енді алдағы жылы 18 жасқа дейінгі U-18 Чемпиондар лигасына қатысады. «Қайрат» шынында да өзінің шынайы тарихы, дәстүрі бар нағыз халықтық командаға айналды», - деді Б. Байбеков.
Марапаттау рәсімі барысында «Қайрат» командасының волонтерлері мен адал жанкүйерлеріне де естелік ретінде бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетелік, марапаттау рәсіміне «Қайрат» клубының ардагерлері, ҚР футбол федерациясының өкілдері, академия тәрбиеленушілерінің ата-аналары және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.