«Қайрат» футзал клубының бас бапкері қызметінен кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Алматылық «Қайрат» футзал клубы бас бапкер Марлон Веласконың қызметінен кеткенін ресми түрде хабарлады. 

«Қайрат» футзал клубының бас бапкері қызметінен кетті
Фото: Sports.kz

Meta-ratings.kz спорт порталының мәліметінше, испаниялық жаттықтырушымен еңбек шарты аяқталып, тараптар келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдаған. 

Веласко 2023 жылдың тамыз айынан бастап «Қайрат» клубының тізгінін ұстады. Осы уақыт аралығында ол клубпен бірге көптеген айтулы жетістікке қол жеткізді. Атап айтқанда, оның жетекшілігімен алматылық команда екі рет Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды. Ел кубогы мен Португалияда өткен халықаралық Masters Cup турнирінің жеңімпазы болды. 2025 жылы футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының күміс жүлдесін еншіледі. 

«Қайрат» футзал клубы ұжымы Марлон Веласкоға атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, алдағы бапкерлік мансабына сәттілік тіледі. 

Бейресми ақпарат бойынша, плей-офф кезеңі аяқталғанша команданы клубтың спорт директоры Густаво Парадеда жаттықтыруы мүмкін. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкент прокуратурасы «Ордабасы» футбол клубының бұрынғы басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғағанын жазған едік. 

 

Соңғы жаңалықтар