Қайрат Келімбетов Давоста Caspian Week конференциясында сөз сөйледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері 2018 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Caspian Week конференциясына қатысты. Бұл туралы АХҚО баспасөз қызметі хабарлайды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов Caspian Week («Каспий аптасы») конференциясында сөз сөйледі. Аталған іс-шара сарапшылар мен нарық көшбасшыларының пікір алмасуына арналған ашық алаң болып табылады.
Биыл Caspian Week жиынында қаржылық салада, сауда мен логистикада қолданылатын жаңа цифрлық технологияларға баса назар аударылды. Сонымен қатар, мемлекеттік жəне коммерциялық жобаларға жаңа технологияларды енгізу, қаржылық технологияларды дамыту, сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік қолдау мен халықаралық серіктестік бойынша өңірлік саясат мəселелері талқыланды.
«Қаржылық технологияларды дамыту мен олардың ілгері басуына мүмкіндік беретін экожүйе қалыптастыру - АХҚО-ны дамытудың негізгі стратегиялық бағыттарының бірі. Экожүйе мен инновациядағы негізгі ойыншыларды тартатын орталыққа айналуы тиіс мамандандырылған қаржылық технологиялар хабы өз жұмысын бастады» - деп хабарлады Қайрат Келімбетов.
Қазіргі сəтте АХҚО өз серіктестерімен бірге қаржы технологиялары саласындағы мынадай: қаржылық технологиялар мен электронды коммерцияны дамытуға арналған акселерациялық бағдарлама, қаржылық технологиялар бойынша реттеуші сынақ бөлімі, блокчейн технологияларды дамыту орталығы, сондай-ақ қолма-қол төлемсіз экономиканы дамыту бастамалары сияқты негізгі бағыттар бойынша жұмыс жасап жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Айта кетейік, 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі - ағылшын тілі болады.
АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.