Қайрат Келімбетов мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың қызметтерін үйлестіреді
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың қызметтерін үйлестіреді.
Бұл міндетті бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Үкімет отырысында жүктеді.
Еуроаймақтарда экономикалық сектордың тұрақсыздығынан-ақ байқалып отырған жаһандық қаржы дағдарысының қаупі бар екендігін баса айтқан К. Мәсімов: «Дегенмен, бұған қарамастан міндеттер орындалуы тиіс. Сондықтан жоғарыда аталған мәселелерге қарамастан барлық қызметтерімізді үйлестіруіміз керек. Мен, Қайрат Нематұлы сізге барлық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, әкімдіктердің және басқа да агенттіктер мен ведомстволардың қызметін үйлестіруді тапсырамын»,-деді.
Бұл ретте Үкімет басшысы өзінің орынбасарына 2 апта ішінде қай саланы көтеру қажеттігін нақтылауды тапсырды. Сондай-ақ, ол ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы Ғабидолла Абдрахимовқа және орынбасары Ербол Орынбаевқа есептер дайын болғаннан кейін бір апта ішінде үйлестірілетін бағыттар ескерілген жаңа меморандумды қол қоюға әзірлеуді жүктеді.