«Қайрат» клубының жаңа құрамы белгілі болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жаңа маусымның басталуы алдында Қайрат футбол клубы жаңа құрамды ресми түрде таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресми шара клуб басшысы, ардагерлер мен бапкерлердің сөзімен ашылды.
«Қайрат» бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев былтыр Қазақстан кубогын легионерлерсіз таза қазақстандық құраммен жеңгендерін басты жетістік ретінде атады.
Былтыр күзде жаттықтырушы болып келген клубтың бас бапкері 31 жастағы Алексей Шпилевский жақсы ойын көрсетуге уәде етті.
«Біз «Астананың» ойынын талдадық. Олардан не күтуге болатынын шамаладық. Жігіттер дайын. Үйде шабуылды үдететін боламыз», - деді Алексей Шпилевский.
Айта кету керек, жаңа маусымды «Қайрат» «Астана» клубымен кездесуден бастайды. Олар Қазақстанның суперкубогы үшін бақталасады.
Ойын 3 наурызда Алматыда орталық стадионда 15:00-де өтеді.
Алматы командасының жаңа құрамына 22 ойыншы алынды. Олардың алтауы сырттан келген.
Қақпашылар: Владимир Плотников, Стас Покатилов;
Қорғаушылар: Елдос Ахметов, Ян Вороговский, Нұралы Әліп, Гафуржан Суюмбаев, Сергей Политевич (Беларусь), Александр Соколенко, Сергей Кейлер, Раде Дугалич (Сербия), Дино Миканович (Хорватия);
Жартылай қорғаушылар: Исламбек Қуат, Георгий Жуков, Бауыржан Исламхан, Чжон Ву Хан (Корея), Айбол Әбікен, Еркебұлан Тұңғышбаев, Конрад Вжесиньски (Польша);
Шабуылшылар: Адеринсола Эсеола (Украина), Мартон Эппель (Венгрия), Самат Сәрсенов, Рифат Нурмугамет.