«Қайрат» командасы Словакия құрамасының 30 жастағы ойыншысымен келісім-шартқа қол қойды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан біріншілігінің Премьер-Лигасында өнер көрсететін Алматының «Қайрат» футбол клубы Словакия құрамасының 30 жастағы қорғаушысы Лукаш Тесакпен келісім-шартқа қол қойды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметінен хабарлады.

«Қайрат» командасы Словакия құрамасының 30 жастағы ойыншысымен келісім-шартқа қол қойды

Лукаш өзінің футболдық жолын туған қаласы Жьяр-над-Грономда бастаған. Кейін, «Дубница» клубына ауысып, тұңғыш рет кәсіби келісім-шартқа қол қояды.

«2005 жылы Тесак «Жилина» клубына ауысып, осында 4 жыл ойнайды. Маусымдардың бірінде «Римовску Соботу» клубына жалға беріледі. Кейін ол «Сеннице» және «Татране» клубтарында өнер көрсетеді. 2010 жылы Луганск қаласының «Заря» клубына ауысады. Украина Премьер-Лигасында екі жыл ойнаған соң, Мәскеудің «Торпедо» клубына ауысып, команда капитаны атанады. Словакия құрамасы сапында екі матч өткізген», - делінген хабарламада.

Айтпақшы, словактар Еуро-2016 аясында топтық кезеңде Англия, Ресей және Уэльс құрамаларымен кездеседі.

«Қайрат» пен Лукаш Тесак арасындағы келісім-шартқа 2+1 схемасы бойынша қол қойылды.