Қайрат Қожамжаров алты орынбасарының екеуі ғана қалғанын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері реформасында басқару деңгейі жеті есеге дейін қысқарады. Бүгін Мәжілісте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлім етті.

Қайрат Қожамжаров алты орынбасарының екеуі ғана қалғанын айтты

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

Жиын барысында депутат Тұрсынбек Өмірзақов Үкіметтік органдарды қайта құрылымдаудың тиімділігі туралы сұрады.

«Мемлекеттік қызмет істері саласындағы басқару жүйесіндегі кедергілер, шешімдердің қандай деңгейде қабылданатыны туралы Елбасы жеткілікті айтты. Мен облыс әкімі қызметінде болғанда да мұндай мәселе кездесіп тұратын. Сондықтан да, біз реформа арқылы басқарушылық сатыларды жеті есеге дейін қысқартамыз. Мәселен, бүгін менің екі орынбасарым бар, ал бұрын екі агенттікті қоса алғанда алты орынбасар болатын. Дербес басқарудағы жиырма шақты департаменттен үшеуі ғана қалып отыр»,- деді Қайрат Қожамжаров.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдар үшін ең бастысы нәтиженің тиімділігі болуы шарт.