Қайрат Мәми Арменияның Қазақстандағы елшісін қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми Арменияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гагик Галачянды қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайрат Мәми Арменияның Қазақстандағы елшісін қабылдады

Конституциялық Кеңес төрағасы Елшіні дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, Армения - Қазақстанның жақын әріптестерінің бірі екенін атап өтті. Келесі жылы біздің мемлекет басшылары қол қойған Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа жиырма жыл толады. Оның негізінде экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салаларда ынтымақтастық дамып отыр.

Қайрат Мәми екі мемлекеттің құқықтық саладағы өзара қарым-қатынасын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, өткен кезеңде Қазақстан мен Армения конституциялық бақылау органдарының арасында тығыз ынтымақтастық орнады. Ол екіжақты және көпжақты форматтарда жемісті дамып келеді.

Жоғары мәртебелі қонақ елдегі Негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз ету бойынша Конституциялық Кеңестің қызметі, сондай-ақ 2017 жылы жүргізілген конституциялық реформаның негізгі бағыттары жөнінде хабардар болды. 

Қорытындылай келе, Конституциялық Кеңес төрағасы Елшіге амандық-саулық және кәсіби қызметінде табыс тіледі.

«Біз достас армян халқына бейбітшілік, тұрақтылық пен өсіп-өркендеу тілейміз», - деп түйіндеді Қ. Мәми.

Өз кезегінде Г. Галачян жылы лебізбен қарсы алғаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Арменияның ынтымақтастығын қарқындату мәселелері бойынша өз ойымен бөлісті.