Қайрат Мәми Беларусь президенті Лукашенконың қабылдауында болды

МИНСК. ҚазАқпарат - 31 мамырда Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко Беларусь Республикасы Конституциялық Сотының 25 жылдығына арналған іс-шараларға қатысу үшін Минск қаласына келген шетелдік конституциялық бақылау органдарының басшыларын қабылдады. Бұл туралы Конституциялық Кеңестің баспасөз қызметі хабарлады.

Қайрат Мәми Беларусь президенті Лукашенконың қабылдауында болды

Кездесуде ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қайрат Мәми Беларусь көшбасшысын құттықтай отырып, 1994 жылы Беларусь Республикасының қолданыстағы Конституциясы қабылдағанын, ол кең ауқымды қайта құру үшін құқықтық негіз қалағанын айтты.

«Елдеріміз арасында жемісті ынтымақтастық орнады. Оған көп жағдайда мемлекет басшыларының сенімді және достық қарым-қатынасы ықпал етеді. Кеше ғана біз Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюдың бес жылдығын атап өттік, ол - біздің елдеріміздің тиімді интеграциясының жарқын үлгісі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы идеясын жүзеге асырудағы зор еңбек Сізге де тиесілі», - деп қорытындылады Қайрат Мәми.

Сол күні Қазақстанның Конституциялық кеңесі төрағасының төрағалық етуімен Жаңа демократия елдері конституциялық бақылау органдары конференциясының отырысы өтті. Оған сондай-ақ Армения, Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан және Ресей конституциялық әділет органдарының өкілдері қатысты.

Арнайы қонақ ретінде Венециандық комиссияның бірінші вице-президенті Хердис Торгейрсдоттир ханым қатысты.

Іс-шараны аша отырып, конференция төрағасы Қайрат Мәми 22 жылдың ішінде біздің ұйым өңірлік қауымдастық ретінде қалыптасты, деп атап өтті. Ол оның мүшелері арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етеді және бізге жүктелген миссияны іске асыруға байланысты жалпы мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.

Ұйым мүшелері Жаңа демократия елдерінің конституциялық бақылау органдары конференциясының атауын Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығы деп өзгерту туралы шешім қабылдады. Оны ерекшелейтін элемент ретінде қауымдастықтың жаңа атрибуттары - логотип және туы бекітілді.

Сонымен қатар, қауымдастыққа қатысушылар 2020 жылы Алжирде өтетін Конституциялық сот төрелігі бойынша дүниежүзілік конференцияның 5-ші Конгресін ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Осы өңірлік құрылымның атынан модераторлар, негізгі баяндамашылар, қосымша баяндамашылар және қорытындылаушы спикерлер позициясына кандидатуралар ұсынылды. Тараптар сондай-ақ дүниежүзілік конгресс шеңберінде қауымдастық отырысын өткізу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, делегация басшылары бір-бірін өз елдерінде болған іс-шаралар мен одан әрі ынтымақтастық жоспарлары туралы хабардар етті.

Қайрат Мәми Беларусь Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы П. Миклашевичке осы кездесуді ұйымдастыруға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.