Қайрат Мәми депутаттық корпусты жаңа жылға жүктеліп отырған міндеттермен таныстырды
Отырысты ашқан Сенат төрағасы Қайрат Мәми, депутаттық корпустың алдында жаңа жылда тұрған міндеттерді атап өтті.
- «Парламент Сенаты Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыда сапалы қамтамасыз ету, мемлекет саясатының басым бағыттарын құқықтық тұрғыда қолдау бойынша жұмыс істеуі тиіс», - деді Қ.Мәми. Қазір Сенаттың қарамағында 25 заң жобасы бар.
Қ.Мәми сондай-ақ, биылғы наурыз айында Алматыда ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мерейтойлық отырысы, ал мамырда Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі өтетіндігін хабардар етті.
Отырыс барысында ҚР Үкіметінен келіп түскен және Парламент Мәжілісі Аппаратынан қайта сұратып алынған заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.
Отырыста «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық әл-ауқат қоры қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша Қаржы және бюджет комитеті бас комитет болып белгіленді.
Осы комитет «Инвестициялар туралы» 2003 жылғы 8 қаңтардағы Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу және Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы үкіметаралық келісімдерді ратификациялау туралы заң жобалары бойынша бас комитет болып - Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті айқындалды.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шифрлық байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша бас комитет ретінде белгіленді.
Ал «Қазақстан Республикасы мен Корея Републикасы арасындағы Ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті - бас комитет болды.
Бюрода сондай-ақ, 2012 жылғы 11 қаңтарда болатын Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар қаралды.
Отырыста Қазақстан Америка Құрама Штаттарының арасындағы Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралады.
Депутаттар талқысына «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» және бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары да ұсынылатын болды.
«Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» және қолданыстағы заңнамаға Ұлттық әл-ауқат қоры қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау көзделіп отыр.
Одан басқа кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі, бюджет процесіне қатысушылардың, бюджет қаражатын алушылардың жауапкершілігін күшейту және бюджеттік рәсімдердің тиімділігін арттыру, мемлекеттік монополия бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бірінші оқылымда қаралатын болды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау жоспарланды.
Одан басқа Парламент Сенатының депутаттарын халықаралық парламенттік ұйымдарға және Парламент Сенатының шет мемлекеттер парламенттерімен ынтымақтастық топтарына жіберу жөніндегі ұсыныстар да қаралды.