Қайрат Мәми облыстық сот төрағаларының кемшіліктерін тізіп шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Облыстық соттар Жоғарғы сотқа негізсіз  және логикалық тұжырымсыз ұсыныстар енгізеді. Бұл туралы бүгін 2017 жылдың 1 жартыжылдығында сот төрелігін жүзеге асыру қорытындыларына арналған республика судьяларының кеңейтілген отырысында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайрат Мәми облыстық сот төрағаларының кемшіліктерін тізіп шықты

«Орындаушылық тәртіптің деңгейі де төмен қалып отыр. Жоғары соттың хаттамалық және жоспарлы тапсырмалары да сапасыз орындалады. Төрағалардан келіп түсетін ақпараттардың басым бөлігі нақты емес. Ұсыныстар ешқандай негізсіз  және логикалық тұжырымсыз енгізіледі. Бүгінде Жақсылық Рзабекұлының (Маңғыстау облыстық сотының төрағасы) бізге жеткізуге тырысқан ойларының жартысын осында отырғандар түсінген де жоқ. Мұндай  хаттар бізге жазбаша да келіп жатады», - деді Жоғарғы сот төрағасы.

Сонымен қатар ол  облыстық соттардан төрағаның қолы қойылған бір ақпараттың сан қайталанып келіп жататындығын да сынға алды.

«Сіздер қол қоюға әкелген қағазды мүлдем оқимайтындай  сезім қалады немесе мұны қасақана жасайсыздар. Бұл жұмыстың мазмұнына жеке жауапкершілікті күшейту қажет. Өзгелерге қарағанда мұндай ескертулер Алматы қаласының, Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарының соттарына өте көп», - деді Қайрат Мәми.