Қайрат Мәми Өзбекстан Жоғарғы сотының төрағасымен кездесті
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Өзбекстанда алда өтетін ШЫҰ Жоғарғы Сот төрағаларының ХІІ отырысының аясында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми Өзбекстан Жоғарғы сот төрағасы Козимджан Камиловпен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Кездесу барысында тараптар екі елдің сот-құқықтық салаларындағы өзгерістер туралы, сондай-ақ сот жүйесін демократияландыруға және заңның үстемдігін нығайтуға бағытталған реформалар жайлы ақпарат алмасты.


Екіжақты кездесудің соңында тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты мен Өзбекстан Республикасы Жоғарғы соты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қол қойылған құжатта сот билігінің тәуелсіздігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі жобаларды жүзеге асыру сот төрелігін тиімді басқару, әділ сот ісін жүргізу құқығы, сот төрелігіне қол жеткізу, сот процесінің түрлі кезеңдерінде қорғау құқығын қамтамасыз ету, сотта заң үстемдігіне қатысты мәселелерді қарастыру, соның ішінде «ҚР 5 институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен 2017-2021 жылдары ӨР дамытуға бағытталған бес әлеуетті стратегия қарастырылған.