Қайрат Мәми Сингапур сотының төрағасы Сундареш Менонмен кездесті

Қазақстандық делегация Сингапур Жоғарғы Сотында болып, осы соттың төрағасы Сундареш Менонмен кездесті.
Қайрат Мәми Қазақстан Республикасы мен Сингапур жоғарғы соттары арасында ынтымақтастықты одан әрі арттыру Қазақстан мен Сингапур қарым-қатынасының өзара тиімді серіктестік принципіне сәйкес нығая беретіндігін атап өтті. Бұдан әрі, тараптар диалог форматында екі елдің сот жүйесінің дамуы туралы ақпарат алмасты, сот ісін жүргізудегі электронды технологияларды қолданудың өзекті мәселелерін, төрелік және медиациялық технологияларды дамыту тәжірибесін, сондай-ақ сот дауларын шешу әдіснамасын талқылады. Қ. Мәми қазақстандық сот төрелігі жүйесін жетілдірудің негізгі бағыттары туралы әңгімелеп берді. Атап айтқанда, азаматтық процестік заңнаманы жаңғырту, жаңа Әкімшілік процестік кодекс жобасын әзірлеу, инвесторлардың қатысуымен дауларды шешудің тетіктерін жетілдіру сияқты мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Кездесу соңында тараптар инвестициялық дауларды қарау саласында тәжірибе, ақпарат және сот тәжірибесінің озық жетістіктерін алмасуға қолайлы жағдайлар жасауға мүдделілік танытты. Сапар шеңберінде сингапурлық тарап қазақстандық делегацияны Сингапур сот жүйесінің, Сингапур Халықаралық коммерциялық сотының, Сингапур сот колледжінің қызметі туралы ақпаратпен таныстырды. Жоғарғы Сот судьялары делегациясының бұл сапарындағы іскерлік кездесулер Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде берген тапсырмаларын практикалық тұрғыда іске асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.