Қайрат Мәми: Тарихи тамырынан ажырамаған ұлт қана болашағын бекемдей алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен «Рухани жаңғыру - мәңгілік ел болудың кепілі» атты дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде Қайрат Мәми тарихи тамырынан ажырамаған ұлт қана болашағын бекемдей алатындығын атап өтті.
«Ұлттық әдет-ғұрпын, дәстүр-салтын ерте заманнан-ақ сана-түйсігімен бойына сіңіріп, оны ұлт кодына айналдыра білген елміз. Осындайда әлем ойшылы Пифогордың «Жасық заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын» деген дана сөзі еріксіз ойға оралады», - деді ол.
Айта кетелік, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында прагматизм, бәсекелік қабілет, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, эволюциялық даму, сананың ашықтығы секілді қоғамдық сананы жаңғыртудың бірнеше бағыты айтылған.
Осы орайда, елімізде қазақ тілін жаңғырту мақсатында латын әліпбиіне көшу, гуманитарлық білім жүйесін жаңарту, ұлттық мәдениетті шетелге таныту, «Туған жер» бағдарламасын, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобалары іске асатын болады. 