Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Бас прокуратура алқасының отырысы болды

АНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Бас прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Бас прокуратура алқасының кеңейтілген отырысы болды, онда көші-қон заңнамаларының сақталуына және «Нұрлы көш» бағдарламасымен көзделген бюджет қаражаттарын пайдаланудың заңдылығына тексеру жүргізудің нәтижелері қаралды,

Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Бас прокуратура алқасының отырысы болды

деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Отырыс жұмысына Жоғарғы соттың, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, әділет, сыртқы істер министрліктерінің өкілдері, жекелеген облыстардың әкімдері мен прокурорлары қатысты.

Алқада мемлекеттік органдар қабылдап отырған шараларға қарамастан еңбек көші-қонының қаралып отырған саласы әлі де көптеген заң бұзушылықтармен сипатталатыны атап өтілді.

Осы қорытындылар тексеру нәтижелеріне негізделген. Тексеру барысында прокурорлар шамамен 3 мың заң бұзушылықты анықтады, оларды жою үшін 120-дан астам ұйғарым шығарылды, 1 қылмыстық іс қозғалды, алдын-ала тергеу органдарына іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін 60-тан астам материал жіберілді, 1,1 мыңнан астам заңсыз иммигранттар ел аумағынан тыс шығарылды және шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген 1 мыңнан астам рұқсат кері қайтарып алынды.

Тексеру сондай-ақ уәкілетті органдардың оралмандарды орналастыруда ұтымды орнықтыру мен көмек көрсету мақсатында қабылданған «Нұрлы көш» үкіметтік бағдарламасын іске асыру бойынша жеткіліксіз шаралар қабылдап отырғандықтарын көрсетті. Бағдарламаны іске асыруға арналған бюджет қаражаттарын ұрлау және тиімсіз пайдалану фактілері орын алған. Оралмандар құқықтары саласындағы неғұрлым кең таралған бұзушылықтар ішінде құрылыс нормативтерінің талаптарына жауап бермейтін тұрғын үй құрылыстарын салу, материалдық мүмкіндіктерге байланысты орындалуға жатпайтын жағдайлардағы баспанамен қамтамасыз ету, оралман отбасыларын жұмыспен қамту және орналастыру бойынша шаралар қабылдамау әрекеттері бар.

Отырыстың қорытындысы бойынша Бас прокурор уәкілетті органдарға көші-қон заңнамаларының талаптарын бұлжытпай сақтауға, халықтың көші-қон саласындағы құзыретті органдардың жұмыстарын тәртіпке келтіруге, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыруға, Қазақстан Республикасына келуші, соның ішінде тарихи отанына оралған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың бірыңғай есепке алынуын қамтамасыз етуге, оралман азаматтарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге, мемлекеттің ұлттық мүдделеріне зиян келтіру тәуекелін азайтуға, «Нұрлы кш» бағдарламасын орындау бойынша пәрменді шаралар қабылдауға, оны іске асыруға жауапты лауазымды тұлғалар арасында атқарушылық тәртіпті қаталдатуға бағытталған қосымша кешенді шаралар қабылдауды, сондай-ақ Премьер-Министрдің атына анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізуді тапсырды.