«Қайрат» матчын көріп, содан кейін сахнаға шығамын – Копенгагендегі қазақ бишісі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Футбол эмоциясы мен театр сахнасы — бір-біріне ұқсамайтын екі әлем. Алайда Копенгагендегі Дания Корольдігі театрында өнер көрсетіп жүрген қазақ бишісі Мейрамбек Назарғожаев үшін ертең бұл екеуі бір күнде түйіспек. Ол әуелі трибунада «Қайратқа» жанкүйер болып, жарты сағаттан кейін сахнада әйгілі «Щелкунчик» спектаклінде Ханзаданың партиясын билейді.
Kazinform тілшісі Еуропа елдері театрындағы Қазақстанның жалғыз өкілі Мейрамбек Назарғожаевтың өзімен әңгімелесіп, ертеңгі екі бірдей маңызды оқиғаға дайындығы туралы білді.
– Мейрамбек, матчтың бірінші таймын стадионда көріп, содан кейін театрға асығып, сахнаға шығу — сирек жағдай. Ертеңге дайындығыңыз қалай?
— Сұрағыңызға көп рақмет! Осы күнді асыға күттім. Қазірдің өзінде түрлі сезімді бастан кешіріп жатырмын. «Қайрат» – «Копенгаген» матчы мен театрдағы спектаклім тұспа-тұс келіп қалды. Әріптестерімнің көбі жарақат алып қалғандықтан менің орныма ешкім өнер де көрсете алмайды.
Жалпы «Қайрат» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққанда елмен бірге қатты қуандым. Себебі бұл — Қазақстан футбол тарихындағы маңызды оқиға. Екіншіден, Алматы облысында тусам да, Алматының өзінде көп жыл тұрдым, білім алдым. Сол кезде «Қайраттың» матчтарына жиі баратынмын. Өзім бұл спорттың жанкүйерімін. Бұрын футболды күн сайын ойнайтынмын, қазір де арасында доп теуіп тұрамын.

Алматы хореография училищесінде оқып жүрген кезімде Алматы облысы Қараой ауылының командасында ойнадым. Содан кейін аудандық командаға шақырту алдым — онда жартылай қорғаушы, шабуылдаушы болдым. Сол кезде жаттықтырушылар Алматыда жүрсем де, ауданға келіп ойнап беруімді өтінетін. Өзім ресми Алматыда тіркеуде тұрғандықтан, аудандық жарыстарда өнер көрсете алмадым. Сол кезде жаттықтырушыларым оның да айласын тапты. Сөйтіп, өз інімнің атынан стадионға шығып жүрдім. Мақтау қағаздарын да алып, футбол туралы жазылған кітаптарда суреттерім де басылды.
Училищедегі дайындықтан тыс уақытта өзге бишілерді саябақтағы стадионға өзім жинайтынмын. Интернатта тұрған соң аяқ киім табу қиын еді. Бүкіл бөлмені аралап шығып, ойнағысы келетіндерге бутсы, кроссовка іздеумен уақытым өтіп кететін. Тіпті шағын футболдан жарыста қаладағы колледж, университет командаларын ұтып кеткенде көпшілігі «Сендер өзі бимен емес, футболмен айналысуларың керек қой» деп әзілдейтін. Қазір, өкінішке қарай, жұмыс кестем тығыз болғандықтан, сирек ойнаймын.

Ал «Қайрат» — «Копенгаген» матчын асыға күтіп жүрмін. Instagram-парақшамда да Чемпиондар лигасының жеребесі тартылмай тұрып «Копенгаген» мен «Қайрат» бір-біріне қарсы ойнаса қалай болар екен?» деп жазғанмын. Кейінірек айтқаным дәл келді. Осыдан кейінгі бар уайымым — матч пен театрдағы спектакль уақыты тұспа-тұс келіп қалмаса екен деген ой болды. Биыл жазда Қазақстанға қонаққа барып, Алматыда өнер көрсеткен Дания Корольдігі театрының әртістері де «Бос болсақ, міндетті түрде сенімен бірге барамыз» деді. Алайда, өкінішке қарай, бұл қорқынышым да дәл келді — матч күні театрда спектакль де өтеді.
Копенгаген шағын ғана қала. Стадионның өзі қаланың орталығында орналасқан. Футбол жанкүйері көп. Мұндағы үлкен-кішінің бәрі жергілікті команда қай күні, кіммен ойнайтынын біліп отырады. Алматы — өзім өскен, ал Копенгаген — қазір қызмет етіп, өмір сүріп жүрген қалам. Бірақ ертең «Қайратты» қолдап, жанкүйер болатыным сөзсіз.

– Басқа балет әртістері жарақат алып қалғандықтан, сізді ешкім алмастыра алмайтынын айттыңыз. Соған қарамастан, матчқа барып, «Қайратқа» қолдау көрсеткелі отырсыз. Бұл сахна алдындағы режиміңізге әсер етпей ме?
— Қазір Дания Корольдігі театрында дәстүр бойынша «Щелкунчик» маусымы ашылды. Спектакльдер күн сайын қойылып жатыр. Алайда өзім бұл қойылымның екінші бөлімінде Ханзаданың партиясын билеймін. Осы себепті матчты жартылай болса да көруге мүмкіндік туып тұр. Алайда бірінші тайм біте салысымен, бірден театрға жетуім керек. Күндіз міндетті түрде спектакльге дайындаламыз, сол кезде сахнаға киіп шығатын костюмдерімді дайындап кетемін. Тек стадионнан театрға жетіп алған соң денемді қыздырып, бояуымды жағып, сахнаға шығып кетуім керек.
Бұл спектакль алдындағы режиміме кесірін тигізетіні рас. Бірақ «Қайрат» Копенгагенге жылда келе бермейді. Бұл — тарихи матч, сол себепті қапы қала алмаймын. Бірінші таймды стадионда тамашалап, екіншісін театрға жетіп алып, денемді қыздырып жатқанда көремін.

– Ойынға жалғыз барасыз ба, әлде Копенгагендегі қазақтармен немесе әріптестеріңізбен бірге тамашалау жоспарыңыз бар ма?
— Матчқа көп адам жиналады. Данияның шет-шетінде тұратындар ағылып келеді. «Даниядағы қазақтар» деген тобымыз бар. Ондағылардың бәрі осы матчты асыға күтіп отыр. Ойынға дейін жиналып, кездесу жоспарымыз да бар. Матчтан кейін де отырыс болады. Сондай-ақ Скандинавия, тіпті Еуропаның басқа елдеріндегі қазақтар да Копенгагенге жетуі мүмкін. Қазақстанның Швеция және Дания Корольдіктеріндегі төтенше және өкілетті елшісі Олжас Сүлейменов те келеді. Сондықтан ойынды тамашалауға жалғыз барамын деп айта алмаймын. Сондай-ақ өзіме өзбекстандық азаматтар да осы матчта біздің командаға қолдау көрсетінін жазды. Осының арқасында «Қайрат» өзін Алматыда ойнап жатқандай сезінеді үміттенемін.
– Театрда сізді күтіп отырған әріптестеріңізге матчқа барып келетініңізді айтқанда олардың реакциясы қандай болды?
— Әріптестерімнің бәрі мен үшін қуанып отыр. Театрда түрлі ұлт өкілі қызмет ететіндіктен, біз ылғи бір-бірімізді қолдап жүреміз. Олардың бар уайымы — менің театрға кешікпей жетуім.
– Стадионнан театрға дейінгі маршрутыңыз дайын ба?
— Иә, стадион мен театр арасындағы жолдың ұзақтығы шамамен жарты сағат. Копенгагеннің инфрақұрылымы велосипед айдайтындар үшін өте қолайлы. Ал көлікке, метроға мінгенде түрлі форс-мажор оқиға немесе кептеліс болып қалуы мүмкін. Сол себепті осындай қауіптің алдын алу үшін жолға велосипедпен шығуды жоспарлап отырмын. Өзім великті тез айдаймын. Тек оны стадион маңында ыңғайлы жерге қоюым керек. Велосипедті таңдағанымның тағы бір себебі — спектакльге дейін жол-жөнекей денемді қыздырып жетемін.
– «Қайратты» қалай қолдамақшысыз? Әдетте жанкүйерлер мойынорағыш, жалау ұстап барады.
— Өкінішке қарай, өзімде мұның ешқайсы жоқ. Алматыда жүргенімде команданың фирмалық дүкеніне соққанмын, бірақ сол күні жабық тұрды.
Матч күні бетіме еліміздің туын бояумен салып аламын деген ой келген. Алайда театрға жеткенде оны жуып-шаюым керек, ал бұл уақытты алады. Сол себепті «Қазақстан» деген жазуы бар спорттық киімімді киіп барамын деп шештім.
Ал негізі өзіміздің жанкүйерлер тегіс дайындалып келеді деп сенемін. Мұнда тұратын әр қазақтың үйіне қонаққа бара қалсаңыз, Қазақстанның туы ілініп тұрады. Сондай-ақ ою-өрнектермен бейнелеген түрлі ыдыс-аяқ пен басқа да бұйымдарды көзіңіз шалады. Домбыра да бар. Қаншама жылдан бері осында тұрып жатса да, елді ұмытпаған. Қазақшасы да тап-таза. Ұйымшыл. Наурызда да жыл сайын тойлайды.

– «Қайрат» бірінші таймда гол соғып кетсе, бұл сахнадағы биіңізге қалай әсер етер еді?
— Негізі әртістің сахнадағы өнеріне театрға қандай көңіл-күймен келгені әсер етеді. Егер ол әлденеге алаңдап тұрса, бұл бірден байқалып қалады. Көрерменді де алдау мүмкін емес.
«Қайрат» бірінші таймда гол салса, театрға керемет көңіл-күймен жететінім де, бұл сол күнгі өнеріме шабыт беретіні де сөзсіз. Қанша жылдан бері билеп жүрсем де, мұндай оқиға алғаш рет болғалы тұр.
Өзім матчтан көп үміт күтемін. «Қайратқа» «Копенгаген» аса мықты қарсылас деп айта алмаймын. Өйткені алматылық клуб одан да мықты командалармен тең дәрежеде ойнады, жақсы өнер көрсетті. Тек батылдық танытып, шабуылдар жасаса жеткілікті. Копенгагенде бірнеше күн бұрын қар жауған, қазір еріп кетті, сәл ызғар бар. «Қайрат» ойыншылары соған қарамастан, ойдағыдай өнер көрсетеді деген үміттемін.
Еске салайық, бұған дейін алматылық «Қайрат» Дания астанасына барып, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің бесінші туры аясында «Копенгагенге» қарсы өтетін матч алдындағы алғашқы жаттығуын өткізгенін жазғанбыз.
Кездесу 26 қараша күні «Паркен» стадионында өтеді. Ойын Қазақстан уақыты бойынша 22:45-те басталады.