Қайрат Нұртас пен Арман Дәулетияров аналарға арнап ән шырқамақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық әйелдер күніне орай «Қазақстан» телеарнасында аналар мен апа-әжелердің құрметіне арналған «Анашым, бір өзіңсің...» сыр-сұхбат түріндегі мерекелік сазды бағдарламасы эфирге шығады.
Мерекелік жобаға арнайы әндер жазылып, бұрын сахнаға шықпаған өзге сала тұлғалары ән салады.
Бағдарламаға «Қазақстан барысы» атанған палуандар мен олардың аналары қатысады, осылайша, Ұлан Рысқұл, Бейбіт Ыстыбаев пен Айбек Нұғымаров абзал жандарға арнап әннен шашу тартады. Спорттағы «жұлдызды» қыздар Назым Қызайбай мен Жайна Шекербекова, белгілі боксшы Әділбек Ниязымбетов та аналарымен студия қонағы болады.
Сонымен қатар «Қара шаңырақ» телехикаясындағы басты әулеттің мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері Светлана Жалмағанбетова, Бірғаным Әйтімова, Ресейдегі «МузТВ» арнасының директоры, Мәскеуді мойындатқан қазақ Арман Дәулетияров пен анасы Айман апа мерекелік думанның қадірменді қонақтары атанбақ.
Тағы бір жаңалық, бұл кеште ақ жаулықты аналарға арнап Арман Дәулетияров пен Қайрат Нұртастың орындауында «Анашым» әніне жаңа леп беріліп, ерекше көңіл-күймен шырқалады. Асыл аналарды мерекелерімен қазақстандық танымал әнші Бауыржан Исаев та құттықтайды.
Бағдарлама 8 наурыз күні сағат 18.05-те «Қазақстан» телеарнасында көрерменге ұсынылады, «жұлдыздардың» тоғысқан сәтін жіберіп алмаңыз, деп хабарлайды телеарнаның баспасөз қызметінен.