Қайрат Сағадиев әйелдер күресінен ҚР құрамасына бас бапкер болып тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әйелдер күресінен ҚР ұлттық құрамасының жаттықтырушылық құрамында өзгеріс болды. Аталмыш ҚР құрамасының бұрынғы бас жаттықтырушысы Гөзел Манюрованың орнына бұл қызметке жастар құрамасының тәлімгері Қайрат Сағадиев келді, деп хабарлайды ҚР грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының баспасөз қызметінен.

Қайрат Сағадиев әйелдер күресінен ҚР құрамасына бас бапкер болып тағайындалды

Гөзел Манюрова елдің бас командасын Лондон қаласындағы Олимпиададан кейін басқарды. Естеріңізге сала кетейік, Г.Манюрова Англия астанасынан қола жүлдемен оралған.

«Қазіргі уақытқа дейін атақты спортшы жаттықтырушылық қызметін ресми жарыстармен қатар жүргізді. Бас жаттықтырушы болып екі жарым жылдай уақыт жұмыс істеді. Гөзел Манюрова әйелдердің ұлттық құрамасында жетекші атлет болып табылады және енді Рио-де-Жанейро қаласында өтетін төртжылдықтың басты жарыстарына толық деңгейде дайындалуға барынша ниет қоя алады», делінген хабарламада. «Бұл алқа шешімі. Спортшы әрі команданың бас жаттықтырушысы қызметтерін бірге алып жүру, әрине, оңай емес. Өз алдыма мынадай мақсат қойдым - 2016 жылы өтетін Олимпиадада табысты шығу. Енді мақсатты дайындалып, жанкүйерлеріміздің сенімін ақтауға тырысамын. Өз тарапымнан сол үшін қолдан келетіннің бәрін жасаймын. Қайрат Сағадиевке алға қойған міндеттеріне қол жеткізуді және жақсылықтың барлығын тілеймін», - деп атап өтті Гөзел Манюрова. Ұлттық құраманың жаңа бапкері Қайрат Сағадиевтің нәзік жандылармен жұмыс жасауда біршама тәжірибесі бар. «Ол ҚР жасөспірімдер мен жастар командаларының аға жаттықтырушысы болып, қарамағында болған спортшылармен бірге жақсы нәтижелерге қол жеткізген: өткен жылғы Азия чемпионатында біздің жастарымыз бес медальді (бір алтын, бір күміс, үш қола) қанжығасына байлап, қорытынды бейресми есепте екінші орыннан көрінген. Әлем чемпионатында Сағадиевтің қамқорлығындағы спортшылар бір күміс пен бір қола медальді жеңіп алды», - делінген хабарламада. ҚР жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болып Әділет Ермаковтың тағайындалғанын атап өтейік. Осыған дейін ол жасөспірімдер құрамасында бойжеткендермен жұмыс істеген. Жасөспірімдер командасын енді Мұрат Жұмабаев басқарды. Бұған дейін ол ұзақ уақыт бойы ОҚО әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарып келді.