Қайрат Сатыбалдыұлына тағылған тағы бір айып бойынша сот қашан өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты іс бойынша басты сот талқылауы өтетін күн белгіленді.
«Басты сот талқылауы 1 сәуірге тағайындалды» деп атап өтті Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қайрат Сатыбалдыұлына қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды (жылыстатты) деген айып (ҚК 218-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы) тағылып отыр.
Басты сот талқысы 2024 жылғы 1 сәуір сағат 10:00-де басталады.
Еске салсақ, 2022 жылы Қайрат Сатыбалдыға сот үкімі шығып, ол 6 жылға сотталған еді.
«Қазақтелеком» және «Көліктік сервис орталығы» компанияларының қаражатын жымқырды деген айыппен бас бостандығынан айырылған Қайрат Сатыбалды жазасын Шығыс Қазақстан облысында өтіп жатыр.