Қайрат Тұрлыханов Халықаралық ауыр атлетика федерациясының вице-президентігінен үміткер
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - 20-22 мамыр аралығында Мәскеуде Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) конгресі өтеді. Оған осы саланың басы-қасында жүрген барлық лауазым иелері қатысады.
Күн тәртібінде көптеген мәселелер тұр. Соның арасындағы ең негізгісі - аталмыш ұйымның президенті, вице-президенттері және өзге де басшылық қызмет атқаратын басқа да лауазым иелерін сайлау. Бақ сынауға бел буғандар арасында Қазақстан Республикасы ауыр атлетика федерациясының президенті, Азия конфедерациясының вице-президенті Қайрат Тұрлыханов та бар. «2001 жылдан бері осы қызметтің тізгінін ұстаған ол сол уақыт аралығында көптеген шаруа тындырғанын дүйім жұрт жақсы біледі. Ең бастысы, осы спорт түріндегі күрмеуі көп мәселелер шешіліп, тығырыққа тірелген салада тың серпіліс байқалды. Отандастарымыз Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаты секілді дүбірлі додаларда мол олжаға кеңеліп қана қомай, командалық есепте таңдай қағарлық нәтижеге қол жеткізді. Азия ойындары, Азия чемпионаты және басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда үнемі үздіктер қатарынан көрінді. Осындай ерең еңбектің арқасында Қазақстанның зілтеміршілері бүгінгі таңда әлемдегі маңдайалды командалардың санатына еркін қосылып отыр»,-делінген таратылған мәліметте.
Қазіргі кезде осы қызметтің тізгінін ұстауға 40 үміткер өз өтінішін білдірген екен. Бұл мәселе таяу күндері Мәскеуде өтетін Конгресс барысында шешілетін болады.