«Қайратқашқан» немесе фанат қайда барасың?» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 6 қыркүйек, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Қайратқашқан» немесе фанат қайда барасың?» - БАҚ-қа шолу

***

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербургтегі G20 саммитінің сессиясында сөз сөйледі», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Дағдарыспен бірлесіп күресу қажет» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев шақыруға ризашылығын білдіріп, жаһандық дағдарыстың бір себебі экономиканың нақты секторымен байланыссыз «сабынды көбік» түріндегі қаржылық құрылымдардың қарқынды дамуы болып табылатынын атап өтті. Мемлекет басшысы маңызды әлемдік шешімдерді қабылдау кезінде көптеген дамушы елдердің ұстанымы іс жүзінде назарға алынбайтынын айтты. «Қазақстан тәрізді елдердің де пікірі еленуі үшін бұдан екі жыл бұрын менің тарапымнан G-GLOBAL жобасы бастама ретінде көтерілді. Ол G8-ге және G20-ға балама емес, қазіргі кезде ақпараттық-коммуникативтік алаң ретінде іске асырылып жатқан жаһандық диалогтың қосымша құралы ғана», - деді Қазақстан Президенті.

Биыл елімізде тұңғыш рет Елбасының Жарлығымен қыркүйектің 8-інде Отбасы күні аталып өтіледі. Бұдан кейін тұрақты түрде әр жылы қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күніне арналады. Соған орай, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықовамен «Егемен Қазақстан» газеті ой бөліскен. Басылымның әрбір сауалына тұшымды жауап берген Г.Әбдіқалықова: «Отбасы құндылықтарын сақтау және нығайту - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің басты басымдықтарының бірі. Сондықтан, Отбасы күнін белгілеу туралы Жарлықтың шығуы Ұлттық комиссияның осы бағыттағы қызметін жандандыра түсуге көмектесері сөзсіз. Отбасы күнін атап өту арқылы отбасы құндылықтарын насихаттау жастар арасында жаһандық ықпалдасу әсерімен қалыптасқан тұрмыс құруға асықпау, тіпті, салт бастылыққа ұмтылу, некесіз қарым-қатынаста болу сияқты кейбір жағымсыз әдеттерден арылуға әсер етеді деген ойдамын», - дейді.

***

Ақ үйдің Таяу Шығыстағы нысанына осы жолы Сирия ілікті. АҚШ Сенатының халықаралық істер бойынша комитеті президент Барак Обаманың кезекті араб еліне әскери операция жасау бастамасын қолдады. Бұл геосаяси ойынның арты неге соқтыруы мүмкін? «Айқын» газетінің осы және басқа да сауалдарына жауап берген саясаттанушы Мұхит Асанбаев: «АҚШ-тың Сирияға шабуылы тек әуе арқылы болатын тәрізді. Әуедегі операция қысқа мерзімде өтуі мүмкін, ал оның негізгі нысаны - Сирияның әуе қорғаныс күштері мен әуе инфрақұрылымы. Сонымен қатар өкімет пен президент сарайы сияқты ресми билік ғимараттары да нысанға ілігуі ықтимал. Ал жердегі әскери операцияны тек сириялық қарулы оппозиция мен оппозиция атын жамылып жүрген шетелдік легионерлер мен лаңкестік ұйымдар ғана жалғастырады. Әуе соққысынан кейін Батыс елдері оларға көрсетіп отырған әскери техникалық көмекті едәуір ұлғайтады», - дейді. Сұхбат «Сирия сыр бермей тұр» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда Еуразия гуманитарлық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайыновпен арадағы сұхбат «Жіп түйінсіз, сөз шындықсыз байланбас» деген тақырыппен берілді. Ғалымның пайымынша, қазір «бүгін айға бойым, ертең күнге қолым жетеді» дейтіндердің заманы. Аш отырып, ас таңдап, жаяу отырып, ат таңдайтындай кезеңге де жеттік.«Қайтсек ұлт боламыз?» деген сұрақтың өзекті мәселеге айналуы тектен-тек емес. «Өзім үшін туыппын, ұлтым үшін өліппін» дейтіндердің қатары саусақпен санарлық қана. Рушылдық, жерлестік деген жегі құрттар семіріп, қоң жинағаны соншалық, көзі ашық азаматтар амалсыз «біз қашан толыққанды ұлт боламыз?» деп дабыл қағып отыр. «Заман және қоғамның қиыншылықтары, тіпті түрлі теперіш адамды шыңдайды. Ертіс бойының кешегі көрген құқайы мен бүгінгі қиындықтары қазақтан бірлікті, елдікті талап етті. Тәуелсіздік тұсында бұған ойланып қарауымыз керек. Ұлт зиялылығының алтын бесігі Алматы - өмірімізде орны бөлек қала. Мен Алатаудағы асқақ қаланың оқығандары Шоқан ескерткішінің түбінде, алып бәйтеректер көмкерген парктерде сарыуайымға салынбай, жақсы әңгіме айтатын күндер туады есептеймін», - деп тарқатады ойын А.Құсайынов.

***

Адам жұлдызға айналғанда өзі емес, қоршаған ортаның оған деген көзқарасы өзгереді. Яғни әнші, биші, күйші болсын мейлі «жұлдыз ауруына» ұшыраса, онда оған жалғыз өзі ғана емес, белгілі бір деңгейде айналасы да кінәлі деген сөз. Бұрындары «Брэд Питтің табынушылары бүйтіпті» немесе «Майкл Джексонның фанаттары сөйтіпті» дегенді естуші едік, яғни не шықса да шетелден шығатын. Сол күннің көзді ашып-жұмғанша қазаққа да жеткені... Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Қайратқашқан» немесе фанат қайда барасың?» деген тақырыптан кеңінен біле аласыздар.