«Қайраттың» жас аяқдопшылары Түркиядағы халықаралық турнирде жүлделі орыннан үмітті
АЛМАТЫ. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Түркияның Аланья қаласында өтіп жатқан «Түрік демалыстары» халықаралық турнирінің 1998 жылғы жасөспірімдер арасындағы ақтық ойындары өтеді.
Онда ел намысын қорғап жатқан Алматы қаласының «Қайрат» футбол клубының жас ойыншылары қазір турнир кестесінде 6 ұпаймен үшінші орында келеді. Енді олар соңғы ойынын көш соңында келе жатқан Ресейдің Находка қаласының «Океан» командасымен өткізеді. Ал 10 ұпаймен бірінші орында тұрған алаң қожайындарының «Аланьяспор» командасы 8 ұпаймен екінші орында тұрған Ресейдің Мәскеу облысының «Мастер-Сатурн» командасымен күш сынасады.
Находкалықтар бұған дейін «Мастер-Сатурнға» 0:3, «Аланьяспорға» 0:2, Болгарияның Пловдив қаласының «Ботев» және Грузияның Тбилиси қаласының «Локомотив» командаларына 1:3 есебімен есе жіберіп, қоржынына бірде-бір ұпай сала алмаған болатын. Ал алматылықтар «Ботевті» 1:0, тбилисиліктерді 4:2 етіп ұтып, мәскеуліктерге 1:2, аланьялықтарға 0:2 болып ұтылған еді.