Қайта қылмыс жасаған алаяққа заңсыз жасалған рақымшылықтың күші жойылды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысының тұрғыны бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін сотталғанына қарамастан, жазасын өтеу кезеңінде қайтадан қылмыс жасаған.
Атап айтқанда, ол Instagram әлеуметтік желісінде әйелдер киімін сату туралы хабарландыру орналастырып, азаматтардан алдын ала төлем алған. Алайда тауарды жеткізбей, түскен қаражатты қалауы бойынша жұмсаған.
Теміртау қалалық сотының үкімімен аталған әйел алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. Апелляциялық сатыдағы сот оған «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңды қолданып, жазаны 2 жыл 4 айға дейін қысқартқан. Алайда сот актілерін тексеру барысында рақымшылықтың заңсыз қолданылғаны анықталды.
Заңға сәйкес, алдыңғы үкім бойынша жазасын өтеу кезеңінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолдануға тікелей тыйым салынады.
Бас прокуратураның наразылығы бойынша рақымшылықты қолданудың күші жойылды. Сотталған әйелге 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Рақымшылық – гуманизм актісі. Алайда ол жазасын өтеу кезінде қайтадан қасақана қылмыс жасаған адамдарды жауаптылықтан босатпайды.
Бұған дейін биыл 15 мың қылмыстық жазасын өтеушіге рақымшылық жасалатынын хабарлаған едік.