Қайта өңдеу саласының экономикадағы үлесі тау-кен өнеркәсібінен асты – Мемлекет басшысы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына кезекті Жолдауында еліміздің экспорт саясатындағы бағытын айқындап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайта өңдеу саласының экономикадағы үлесі тау-кен өнеркәсібінен асты – Мемлекет басшысы

«Осыларға қоса экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту жұмыстарын жалғастыру керек. 2020 жылдың қорытындысы бойынша индустрияландурдың 10 жылдығында алғаш рет қайта өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытудағы үлесі тау-кен өндіру саласының үлесінен асты. Қысқа мерзімді мақсаттардың ішінде 2025 жылға қарай қайта өңдеу экпортының көлемін 1,5 есе – 24 млрд долларға дейін, ал еңбектің өнімділігін 30 пайызға көтеру міндеті бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, ол Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережеге көшуді жеделдетуді тапсырды.

«Соңғы кезде мемлекеттік шығыс міндеттемелерін жабу үшін бюджет тапшылығы мен Ұлттық қордан алынатын трансферттің арту тенденциясы байқалуда. Үнемі мұндай жеңіл жолмен жүру мүмкін емес. Қаржылық тұрақтылық қоры шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру бойынша шаралар қажет екені анық. Бірақ бірінші кезекте мемлекеттік шығындардың көлемі мен тиімділігіне бақылау керек. Ұлттық қор активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережені енгізуді жеделдету керек. Тиісті заңнамалық түзетулер жылдың соңына дейін қабылдануы қажет», - деді Президент.