Қайтарылған активтерді басқаратын компанияның құрылуы орынды - сарапшы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додонов «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылуына орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Заңсыз шығарылған активтерді қайтару процесі бар болса, демек мұндай компанияның құрылуы да ақылға қонымды. Менің түсінуімше, бұл компания мемлекетке тиесілі аталған активтерді басқарып, сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, олардың қайта ұрланып, сыртқа шықпауына, лайықты деңгейде сақталуына қадағалау жүргізеді. Ол жерде техникалық та мәселе бар. Мемлекеттің заңсыз операциялармен күресі аясында өндіріп алынатын өзге қаражаттар сияқты бұл қаражаттар да мемлекеттің кірісіне түседі», - деді Вячеслав Додонов агенттік тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, бұл компания тәркіленген мүліктерді сатумен айналысуы мүмкін.
«Активтер әртүрлі болғандықтан, аталған компанияға біртіндеп мүліктерді сатуға, яғни оны қаражатқа айналдыруға тура келетін сияқты. Ал қаражат мемлекеттік есепшоттарда, мүмкін қандай да бір арнаулы қорда жинақталар. Бірақ, одан кейін қаражат бюджетке түсіп, бюджетте қарастырылған мақсаттарға, оның ішінде әлеуметтік салаға шығындалады деп ойлаймын», - деді ол.