Қайтарылған «Тайсойған», «Жаман тау» және «Сарышаған» жер телімдері мұнай-газ секторына пайдаланылатын болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен Ресейге жалға берілген әскери-сынақ полигондар аумағының бөлігін қайтару туралы келісімшарт әзірленді.
Сонымен қатар аталған нысандарды жалға алу және пайдалану тәртібі туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы келісімшартқа өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Осыған орай, полигондардың координаттары өзгеріп, ол өз кезегінде полигон аумағының қысқаруына негіз болды.
Бұл шешім Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне байланысты қабылданды. Осылайша, «Тайсойған», «Жаман тау» және «Сарышаған» жер телімдері халық шаруашылығы игілігіне қайтарылып, мұнай-газ секторына, тұрғын-үй құрылысына, темір және көлік жолдарын салуға және басқа қажеттіліктерге пайдаланылатын болады.
Аталған келісімге Мәскеу қаласында екі елдің қорғаныс салаларының басшылары қол қойды.