Қайтарымсыз несиеден арылған банк салықтан босатылады - ҰБ Төрағасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қайтарымсыз несиеден арылған банк салықтан босатылатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық банкі Төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.
Оның атап өтуінше, алдағы уақытта Қазақстанның қаржы саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын даярлау жұмысына негізгі басымдық беріледі. Аталған құжаттың негізінде 2008-2010 жылдары болған қаржы дағдарысын еңсеру шаралары жатыр. "Ол кезде тұрғын үй саласында несиелердің көлемі күрт артып кеткен. Содан жұмыс істемейтін несиелер көбейді. Бүгінде ондай несиелердің жалпы көлемі 33 пайызды құрап отыр. Бұл - тым жоғары көрсеткіш. Осыған орай, біз нақты жұмысты қолға алып, Салық кодексіне алғашқы өзгерістерді енгіздік. Қазір ол жұмыс аяқталуға жақын. Соның арқасында "жаман" (қайтарылмайтын - авт.) несиелерден құтылған банктер салықтан босатылады", - деді Қ.Келімбетов. Ұлттық банк Төрағасы атап көрсеткендей, бүгінде проблемалық несиелер қоры құрылды. Мемлекет басшысының шешімі бойынша оған 250 миллиард теңге құйылады. "Ол ақшаға тиісті көмек көрсетіледі. Бірақ банктер алдымен жұмыс істемейтін несиелерден құтылуы тиіс. Негізі, 2016 жылғы қаңтардың 1-інен бастап жұмыс істемейтін несиелердің жалпы көлемі 10 пайыздан аспауы тиіс. Сол кезде бұл нақты талап болады. Егер банктер ол талапты орындамаса, онда олар өз лицензияларынан айырылуы әбден мүмкін", - дейді ҰБ Төрағасы.