Қайтыс болған адамның несиесін кім төлейді
АСТАНА. KAZINFORM – Қарыз алушы қайтыс болған жағдайда оның несиесі автоматты түрде жойылмайды. Егер артында мұра қалса және оны мұрагерлері қабылдаса, несие бойынша қарыз да сол мұрамен бірге өтеді. Алайда мұрагер марқұмның қарызын толық өтеуге міндетті емес. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Олжас Рамазанов айтты.
Оның түсіндіруінше, адам қайтыс болғаннан кейін оның үйі, көлігі немесе басқа да мүлкі ғана емес, кейбір міндеттемелері де мұраға қалады. Кредит бойынша берешек те солардың қатарына жатады. Сондықтан қарыз алушының қайтыс болуы кредитті өтеу міндетін тоқтатпайды.
Бірақ мұрагер марқұмның қарызын өз қаражаты есебінен толық өтеуге міндетті емес. Ол қарызды өзіне қалған мұраның құны көлемінде ғана өтейді.
– Мұра қалдырушының міндеттемелері мұрагерлерге қабылданған мұраның құны шегінде ауысады. Мұра болмаған немесе мұра қабылданбаған жағдайда қайтыс болған адамның мұрагерлерінде оның қарыздарын төлеуге негіздер болмайды, - деді ол.
Осылайша, марқұмның қарызы мұраға қалған мүліктің құнынан көп болса да, мұрагердің жауапкершілігі мұра құнынан аспайды.
Айта кетейік, Қазақстандықтар несиеден 14 күн ішінде айыппұлсыз бас тарта алады.