Қайтыс болған алматылықтың шотынан 1 млрд теңгені жымқырмақ болғандар сотталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Медеу аудандық соты жалған құжаттар негізінде марқұм болған алматылықтың банктік шотынан 1 млрд теңге мөлшеріндегі «берешекті» өндіріп алу туралы талап арыз берген алаяқтарға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық прокуратура мәліметінше, екі адам қайтыс болған алматылық тұрғынның қарызы бар деп сотқа арызданған. Олар жалған құжат жасап, сотта жеңіске жеткен. Алайда, іс жүзінде жәбірленушіде ешқандай қарыз міндеттемесі болмаған.
«Жеке сот орындаушысының өкімі нәтижесінде банк ақша қаражатын өндіріп алушыға аудару мақсатында сот орындаушысының ағымдағы шотына түсірген. Алайда, марқұмның әйелі дер кезінде алаяқтардың қылмыстық әрекеттерінің жолын кесті. Ол құқық қорғау органдарына жүгінген, сол арқылы кінәлілер қылмыстық әрекеттерін аяқтай алмады. Соталды тергеп-тексеру барысында және сотта марқұмның іс жүзінде ешкімнің алдында ешқандай қарыз міндеттемесі болмағаны анықталды», - деп хабарлады прокуратурадан.
Сот алаяқтарды түрлі мерзімге соттады.