Қайтыс болған, қимас адамның иісін сағынбас үшін жаңа иіссу ойлап табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның Гавра университеті ғалымдарымен бірлесе отырып, Катя Апалатеги есімді әйел ерекше иіссу түрін ойлап тапты, деп жазады Inquisitr.
Иіссу жаңа технология арқылы қайтыс болған жақын, қимас адамның өзіне тән иісінен дайындалады. Бұған дейін адамның өзіндік иісін өзге затқа сіңіру арқылы ғылыми жаңалық ашқан ЖОО ғалымдары жаңа иіссудың нақты технологиясы туралы «құпияны» ашпай отыр. Тек, белгілі болғаны - иіссуды дайындауға қайтыс болған адамның тері сіңген киімі, көйлегі болса, жетерлік. Өйткені, адамның өзіне тән иісін олар киімнен алатын жүздеген молекулалар арқылы қалыптастырмақ. Бір өнімді дайындауға төрт күн уақыт керек. Иіссу құны 600 доллар болмақ. Әкесінің өлімінен кейін оның иісін сағынғаннан ғылыми жаңалықты сауда айналымына енгізген Катя иіссу қайтыс болған адамды еске түсіріп, сағыныштың мауқын басуға көмектеседі деп отыр.