18:32, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қайып хан
Қайып хан, Ғайып Мұқамбет (17 ғасырдың ортасы - 1719) - қазақ ханы, Қазақ хандығының Тәуке ханнан кейінгі билеушісі, кейбір зерттеушілердің пікірінше Орта жүз ханы.
Жәдік әулетінен шыққан. Оның хандық құрған кездегі ішкі және сыртқы саяси қызметі туралы деректер тым аз. Қайып хан тұсындағы қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы өте шиеленісті болды. Оған шығыстан жоңғарлар, батыстан башқұрт пен қалмақ билеушілері үнемі қауіп төндіріп отырды. Осыларға қарсы шығатын, елеулі жәрдем беретін одақтас іздеу Қайыптың сыртқы саясатының басты әрі шешуші мақсатына айналды. Бұл ретте ол батыстағы көршісі - Ресейден көп көмек күтті. 1716 жылы Тобылға жіберілген қазақ елшілері Б.Екешев пен Б.Бөриев Қайыптың Ресей үкіметімен тығыз қарым-қатынас жасауға және Жоңғар хандығымен күресте қазақ-орыс әскери одағын құруға даяр екенін Сібір губернаторы М.Гагаринге хабарлады. Қайып Сібір өлкесінде қазақтар үшін еркін сауда жасауға рұқсат сұрады. Сібір әкімшілігі өз тарапынан Қайыптың бұл тілектерін орындауға ықыласты екенін білдірді. Жоңғар хандығымен күрестің кезек күттірмес мәселелері Қайыпты Қазан губернаторы П.Салтыковпен де байланыс жасауға мәжбүр етті. Қайып тұсында Қазақ хандығы мен Ресей арасындағы саяси қарым-қатынастардың жандануы Жоңғарияға қарсы күресте екі жақты күш біріктіру мақсатына байланысты болды.Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 5 том