Қайырбек Өскенбаев құрылыс нарығын қалай монополиясыздандыратынын айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрылыс нарығын қалай монополиясыздандыру 3 негізгі бағыттағы іс-шараларды қамтиды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайырбек Өскенбаев құрылыс нарығын қалай монополиясыздандыратынын айтты

Министрдің атап өтуінше, Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, құрылыс нарығын монополиясыздандыру және оны бәсекелі дамыту жөнінде шаралар пакетін қабылдау» тапсырмасы негізінде министрлік аталған агенттікпен бірлесіп, осал тұстарды пысықтады және 3 негізгі бағыт бойынша іс-шараларды анықтады. Олар: үлестік құрылысқа қатысуды реттеу; жер беру және құрылыс салуды жоспарлау; мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру.

«Әзірленген іс-шараларды іске асыру үшін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы талаптарды қайта қарау, сондай-ақ Жер кодексіне және Мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгерістер енгізу қажет. Өзгерістер жер учаскелерін конкурстан тыс беруді болдырмауды, заңнаманы айналып өтуге жауаптылықты күшейту және үлескерлердің қаражатын заңсыз тартуды анықтау арқылы үлестік құрылыстағы талаптарды жетілдіруді көздейтін болады», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Сонымен атар ол мемлекеттік сатып алу бөлігінде тендер кезеңінде материалдық ресурстарды көрсете отырып, жұмыстар жүргізу жобаларын ұсыну міндеттемесін енгізу; конкурсқа қатысу үшін сатып алудың шекті сомасын белгілеу, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер түрлері бойынша төленген салықтар көрсеткішінің ара-жігін ажырату; қосалқы мердігерлік бөлігіндегі өзара қарым-қатынастарды әкімшілендіру енгізу көзделгенін айтты.

«Заңнамалық түзетулердің тиісті пакеті әзірленді», - деді министр.