Қайырымды жандар мақтааралдық оқушыларға 110 планшетті сыйға тартты
Еліміздегі эпидемиялық ахуалға байланысты бүгінгі таңда мектеп оқушыларын қашықтан оқыту маңызды. Дегенмен, ол үшін компьютерлер мен ноутбуктар, смартфондар мен планшеттер қажет.
«Білім-Инновация» лицейлері су тасқынынан зардап шеккен және аз қамтылған отбасылардың балаларына планшет табыстады.
«Елімізде қандай қиын жағдай болмасын, ұрпағымызға сапалы білім беруді жалғастыруға тиіспіз. Бұл – мемлекетіміздің болашағы үшін өте өзекті. Су тасқынынан зардап шеккен мақтааралдық оқушылардың білім алуына жағдай жасап, үлкен көмек беріп жатқан «Білім-Инновация» қоры мен лицейлеріне аудан жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін!», – дейді аудан әкімі Бақыт Асанов.
Айта кетейік, аталған қайырымдылық шарасы «Білім-Инновация» қоры мен лицейлері жүзеге асырған жалғыз игілікті іс емес.
Бұған дейін қор 100 оттегі концентратын еліміздің барлық аймағындағы облыстық ауруханаларға жеткізген болатын.