KAZ Minerals пен NFC геобарлау саласында әріптес болуға келісті
АСТАНА. KAZINFORM — KAZ Minerals Тобы мен NFC компаниясы Қазақстанда геологиялық барлау жайлы өзара түсініктік пен әріптестік жайлы меморандумға қол қойды. Тараптар кен орындарын іздеу үшін жасанды интеллект пен басқа да технологияларды қолдануды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
KAZ Minerals пен CNMC корпорациясының еншілес компаниясы China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC), арасындағы меморандумға қол қою рәсімі 19 қазанда Алматыда өтті.
KAZ Minerals жаңа технологияларды қолдану және геологиялық зерттеулердің тиімділігін арттыруға баса көңіл бөле отырып, Қазақстандағы геобарлау қызметін дамытуда. NFC компаниясымен әріптестік осы жұмыстың бір бағыты және ұзақ мерзімді серіктестіктің жаңа кезеңі болмақ.
Тараптар Меморандум шеңберінде геологиялық барлаудың қашықтықтан зондтау, геофизикалық және геохимиялық зерттеулер, жасанды интеллект пен геологиялық деректерді 3D-модельдеу секілді заманауи әдістерін қолдану мүмкіндіктерін қарастыруға ниетті. Сондай-ақ, тарихи геологиялық деректерді қайта сараптау, бұрғылауға қолайлы орындарды анықтау және минералды ресурстарды бағалауға ерекше назар аударылатын болады.
Сонымен қатар, құжатта мамандар дайындау, зерттеулер жүргізу мен оқу бағдарламаларын жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылған. Ары қарай әріптестіктің жол картасын жасау жоспарлануда.
KAZ Minerals Директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук компаниялардың бірлескен жұмыс тәжірибесіне тоқталды.
— Ақтоғай мен Бозшакөлдегі нысандарды салу кезінде CNMC өзінің кәсіби біліктілігін көрсетті, және біздің компаниялар жоғары деңгейде әріптес бола алатынын дәлелдеді. Біз CNMC корпорациясымен бірге әлемдегі үздік кәсіпорындарды құрдық, — деп атап өтті ол.
CNMC Директорлар кеңесінің төрағасы Вэнь Ган Қазақстан мен KAZ Minerals Тобының шетелдік серіктестер үшін маңыздылығына тоқталды.
— Біздің компания үшін Қазақстан аймақтағы ең маңызды ел, ал KAZ Minerals — ең маңызды стратегиялық серіктес. Біз күш біріктіру арқылы георбарлау саласындағы жұмысты дамытып, тау-кен секторына бірлесіп инвестиция салу мүмкіндігін қарастырамыз, — деді Вэнь Ган.
KAZ Minerals пен NFC арасындағы серіктестікке 10 жылдан асты. Осы аралықта NFC Бозшакөлдегі сульфидті және каолинделген кенді қайта өңдеу фабрикалары мен Ақтоғайдағы сульфидті руданы қайта өңдеу фабрикасын салып, пайдалануға берді.