Қаз және kz домендік атауларды қолдауда бәсекелестік талаптары бұзылған - министр

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы бәсекелестік қорғау заңын бұзғандарға 2 млрд теңге айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында бәсекелестікті қорғау туралы баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Қаз және kz домендік атауларды қолдауда бәсекелестік талаптары бұзылған - министр

«2017 жылы аяқталған тергеп-тексерулер саны 212 істі құраса, оның 187-сінде бәсекелестікті қорғау саласындағы бұзушылықтар анықталды. Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтардың тексерілген істерінің құрылымында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттері басым»,-  деді ол.

Министрдің дерегінше, екінші орында бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттер, үшінші орында үстем жағдайды теріс пайдалану, төртінші орында жосықсыз бәсекелестік, ал бесінші орында бәсекелестікке қарсы келісімдер бөлігіндегі бұзушылықтар тұр.

«2017 жылы барлығы 2,08 млрд теңге сомасына айыппұл салынып, оның 593,6 млн теңгесі өндіріп алынды. Қалғаны әкімшілік істер соттарда қаралып жатыр. Сондай-ақ, 2017 жылы 2016 жылғы тергеп-тексерулер қорытындысы бойынша 1,33 млрд теңге айыппұл бюджет кірісіне өндірілді», - деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, 2017 жылы жүргізілген тергеп-тексерулер нәтижесінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және тасымалдау қызметтері нарығында картель дәлелденді. Мемлекет кірісіне шамамен 500 млн теңге өндіріп алынды. «Қаз» және «kz» домендік аймақтардағы домендік атауларды тіркеу және қолдау қызметтері нарығында бағаларды белгілеу және қолдау бөлігінде бәсекелестікке қарсы келісімдер анықталды. Тергеп-тексерілген нысандардан 4,6 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді. Жанар-жағармайды бөлшек саудада өткізу нарығында 47 ЖЖМ нарық субъектісіне қатысты бағаларды өсіру бойынша келісілген іс-әрекеттер фактісі анықталды және монополиялық табысты есепке ала отырып 960 млн теңге сомасында айыппұл салынды.

«Қазіргі кезде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзу фактісі бойынша 81 нысанға тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Олар: көмірдің бастапқы және қайталама көтерме және бөлшек сауда нарықтары, жанар-жағармайдың бөлшек саудада өткізу нарығы», - деді министр.